Тойға кредит алуға тыйым салуға бола ма? Бұл сұраққа қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгінде қазақстандықтар арасында тойға кредит алатындар аз емес. Артынан ата-аналары төлейді, я болмаса, жастардың өздері қарызға батып, қаржылай қиындыққа тап болып жатады. Ал төлей алмаса, кредиттік тарихы бұзылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасарының айтуынша, мемлекет банктердің ішкі жұмысына араласа алмайды. Тойға кредит беруге де тыйым салу мүмкін емес.

“Тойға кредит беруге тыйым салу – банктің ішкі қызметіне араласу деген сөз. Біз қандай да бір кредит түрлерін беруге тыйым сала алмаймыз. Адамның бұрынғы қарызы болып, тағы кредит алуға барса, ол жағынан шектеу қоюға болады. Ал нақты кредит беруге тыйым салуға заң бойынша құқығымыз жоқ. Бұл – банктің ішкі саясаты. Біз оған араласа алмаймыз”, – деді Қизатов сенат кулуарында.

Осы орайда журналистер тойға берілетін кредиттің өзін емес, сомасын белгілеуді ұсынды. Қизатовтың сөзіне қарағанда, ол да банктің ішкі қызметіне араласу болып саналады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!