Банктердегі тұтыну борышының портфелі 6,9 трлн теңге болып, жыл басынан бері 11,9 пайыз өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов осындай дерек келтірді.

«Жыл басынан бері несие портфелі 6,7 пайыз өсіп, 21,5 трлн теңге болды. Яғни, банктер активінің 54 пайызын құрап отыр. Ерекше атап өтуге тұрарлық мәлімет ретінде жыл басынан бері несиенің барлық түрінде өсім бар екенін айтуға болады. Заңды тұлғаларға берілген несиенің көлемі 2,9 пайыз өсіп, 8 трлн теңгеге жетті. Шағын және орта бизнеске берілген несие көлемі 3,6 пайыз өсіп, 5,7 трлн теңге болды. Жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 15,3 пайыз артып, 12,4 трлн теңгеге жетті. Тұтыну борышының портфелі 6,9 трлн теңге болып, жыл басынан бері 11,9 пайыз өсті», – деді агенттік өкілі.

Оның айтуына қарағанда, дәл қазір қазақстандық банктердің несие портфелінің өтімділігі жоғары.

Себебі жұмыс істемей тұрған несиенің көлемі барынша қысқарған.

«Қазір төлемі 90 күннен артық кешіктірілген несиелердің деңгейі тарихи мәнде ең төменгі мөлшерге жетіп отыр. Қазір ол банк секторындағы бүкіл несие портфелінің 3,8 пайызын құрайды», – деді Олжас Қизатов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!