Қызылордада танысын өлтірген ер адам 13 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға биыл наурыз айында болған.

Қызылорда қалалық полиция басқармасына қаладағы саяжайдың бірінде кісі өлімі болғаны жөнінде хабарлама түскен.

Тексеру барысында қаза болған азамат танысы екеуі ішімдік ішкені анықталды. Кейіннен екеуінің арасында жанжал туындаған.

Танысы асхана бөлмесінде оның басынан және дене тұсынан көсеуішпен ұрып-соққан. Алған соққыдан ер азамат оқиға орнында көз жұмған.

Бүкіл айғақ заттар дәлелдеме ретінде алынды. Жедел-іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады.

«Күдіктінің іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен (Адам өлтiру) сараланып, объективті тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілген. Ол ылмыстық-процестік кодексстің 300-бабына сәйкес айыптау актісімен сотқа жолданды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен айыпталушыға 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жасөспірімді қағып өлтірген мас жүргізуші 1,5 жылға сотталған еді.