Сыр өңірінде соңғы жылдары жеке мектеп желісі жанданып келеді. Қазірдің өзінде 20 жеке мектеп жұмыс істеуде. Бүгін тағы бір білім ордасы ел игілігіне табысталды.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы «BAITEREK SСHOOL» жеке мектебінің ашылу рәсіміне қатысып, оқу процесімен танысты.

Салтанатты іс-шараға зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары қатысты.

Аймақ басшысы адами капиталды дамыту сол арқылы білім саласын жетілдіру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, білім ордасын ашуға ниет білдірген жанашыр меценатқа алғысын білдірді.

«Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен және «BAITEREK SСHOOL» жеке мектебінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы Жолдауында білім беру жүйесіне ерекше тоқталып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» – деп атап өтті.
Бұл бағытта Сыр өңірінде қарқынды шаралар атқарылатын болады. Биылдың өзінде 4350 орынға арналған 6 мемлекеттік, 3 жеке мектеп пайдалануға берілуде. Алдағы үш жылда аймақта 32 мектеп салынса, оның 12-сі жеке мектеп. Күні кеше Арал ауданында жаңа мектеп, денешынықтыру кешені, жеке балабақша ашылды. Осы мектептен шыққан түлектер Сыр өңірінің атын әлемге танытатын, өзіндік дара қолтаңбасы бар лайықты азамат болып тәрбиеленсін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов мектеп салу игілікті іс екенін айтып, барша оқушыларға сәттілік тіледі. Ал, мектеп құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева әрбір бала лайықты әрі заманауи білім ошағында білім алуға лайықты екенін жеткізіп, ақжарма тілегін арнады.
1500 орындық «BAITEREK SСHOOL» жеке мектебінің жалпы аумағы 8 500 м2 құрайды. Білім ордасында 120 педагог және 30 техникалық қызметкер бар. Бүгінгі күні мектепте 720 оқушы білім алады деп жоспарлануда.

Айту керек, Қызылорда облысында Балалар жылы аясында тарту ретінде демеушілер есебінен 1 млрд.теңгеге облыс орталығынан 50-ге тарта спорт алаңы, аудандарда 600 млн. теңгеге 30-дан астам ойын алаңы салынуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!