Қазақстанда 2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасының жобасы аясында міндетті автосақтандыру жүйесін өзгерту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушыларымен және сарапшылармен бірлесе отырып әзірледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Реформаның басты мақсаты — сақтандыру полисінің құнын әділ ету, төлемдердің ашықтығын арттыру және жол-көлік оқиғасынан кейінгі шығындарды өтеуді жеңілдету. Жаңа ережелерге сәйкес, полис бағасы жүргізушінің жеке тәуекелдеріне тікелей байланысты болады. Сақтандырушылар бірыңғай деректер базасы мен мемлекеттік қорларды пайдалана отырып, жүргізушінің ереже бұзу тарихын, жүріп өткен қашықтығын, көлікті пайдалану режимін және жүргізу стажын ескереді. Нәтижесінде, ереже бұзбайтын жүргізушілер үшін полис арзанырақ, ал жиі апатқа ұшырайтындар үшін қымбатырақ болады.

Сонымен қатар, сақтандыру төлемдерін есептеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қосалқы бөлшектер мен жөндеу жұмыстарының бірыңғай салалық анықтамалығы жасалады. Атап өту керек, 2021-2025 жылдар аралығында міндетті автосақтандыру бойынша сыйақылар көлемі 82-ден 118 млрд теңгеге дейін өссе, сақтандыру төлемдері 38-ден 106 млрд теңгеге дейін артып, шығындылық көрсеткіші 106,8 пайызға жеткен.

Жаңа жүйеге өту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте бастапқы кезеңде бағаның ауытқуы қолданыстағы тарифтен ±20 пайыз шегінде шектеледі, ал кейіннен реттеуші белгілеген бірыңғай тарифтік дәліз енгізіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!