Қарағанды облысының Абай шахтасында көз жұмған кеншілердің отбасына баспана беру, несиелерін өтеу мәселесі пысықталады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарғандыда өтіп жатқан онлайн брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген министр әзірге төтенше оқиғаға нақты кімнің кінәлі екенін айту ерте екенін жеткізді. «Кез келген тергеу шарасының талабы болады. Әзірге нақты анықталған кінәлілер жоқ. Бірақ күдіктілердің, жауап алынатындардың белгілі бір тобы бар деуге болады. Мұндай фактіге жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ оның бәрі комиссия жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша айқындалады», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол оқиға кезінде қаза болған кеншілердің үй ішіне қандай көмек көрсетілетінін атады.

«Жұмысшы мен жұмыс беруші арасында бекітілген еңбек шарты бойынша, қаза болғандардың бәрінің отбасына 10 жылдық ақшалай тіршілік шығыны төленеді. Бұдан кейін жеке келісімшарттар аясында несиелерін жабу мәселесі қарастырылады. Қазір студент болып жүрген балалары болса, олардың оқуын төлеу мәселесі міндетті түрде ескеріледі. Қолда бар жеке еңбек шарттарының аясында компания мұқтаж отбасыларға баспана беру мәселесін де пысықтайды», – деді министр.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!