Құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидаттарының бірі – әрбір азаматтың әділ сотқа және білікті заң көмегіне қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік берілген. Осы кепілдіктердің маңызды тетіктерінің бірі – мемлекет есебінен көрсетілетін тегін заң көмегі жүйесі.

Тегін заң көмегі халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана емес, заңмен көзделген жағдайларда өзге де азаматтарға құқықтық мәселелерді шешуде кәсіби қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл жүйе азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бүгінде елімізде тегін заң көмегін көрсету институты кезең-кезеңімен дамып келеді. Алайда қоғамның сұранысы мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы аталған жүйені одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Ең алдымен, азаматтардың тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандырылу деңгейін арттыру маңызды. Кейбір азаматтар заң көмегін қандай жағдайларда және қай мекемелерден алуға болатынын білмейді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстары арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Тағы бір өзекті мәселе – заң көмегінің қолжетімділігі. Ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтардың заңгерлерге жүгіну мүмкіндігі кейде шектеулі болады. Осыған байланысты онлайн-консультациялар, бейнебайланыс арқылы құқықтық кеңес беру, мобильді қабылдаулар ұйымдастыру және цифрлық платформаларды дамыту маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Сонымен қатар тегін заң көмегін көрсететін адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыру, қызмет көрсету сапасын бағалау тетіктерін жетілдіру де өзекті мәселе саналады. Азаматтардың қанағаттану деңгейін зерделеу, кері байланыс жүйесін енгізу және көрсетілетін қызметтің сапасын бақылау құқықтық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында құқықтық кеңестерді онлайн форматта алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл уақытты үнемдеуге, шалғай өңірлердегі тұрғындардың құқықтық көмекке қолжетімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Заң көмегі тек құқықтық дау туындаған кезде ғана емес, оның алдын алу мақсатында да тиімді ұйымдастырылуы тиіс. Осы бағытта құқықтық түсіндіру іс-шараларын, семинарлар мен ашық есік күндерін өткізу, жастар арасында құқықтық ағарту жұмыстарын күшейту маңызды.

Тегін заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіру – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстар құқықтық көмектің сапасын арттырумен қатар, халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, құқықтық мәдениеттің дамуына оң әсер етеді. Сондықтан заң көмегінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру және қызмет көрсету сапасын үздіксіз жетілдіру алдағы кезеңнің басым міндеттерінің бірі болып қала береді.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің

құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету

бөлімінің бас маманы Ж.Нағашыбай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!