KAZINFORM – Қала мектептерінде оқитын оқушылар арасында ең жиі кездесетін ауру түрі – миопия. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.
Ведомство мәліметінше, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының дерегі бойынша миопия мектеп оқушылары арасындағы офтальмологиялық аурулардың тізімінде бірінші орында тұр. Оның дамуына тұқым қуалау әсер еткенімен, оның кең таралуына көбіне балалардың өмір салты ықпал етеді.
– Миопия – мектеп оқушылары арасында ең жиі кездесетін көз ауруы түрі. Ал қалалық мектептерде оның таралуы 30%-ға жетеді. Оның туындауына негізгі себеп – жақын қашықтықта көзге ұзақ уақыт күш түсіру, смартфондар, планшеттер және басқа да цифрлық құрылғыларды шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ балалардың таза ауада жеткілікті уақыт өткізбеуі. Әлемнің жетекші мамандарының пікірінше, балалардың ашық ауада өткізетін уақытын көбейту миопияның дамуы мен үдеуінің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі, – делінген министрліктің агенттікке берген жауабында.
Министрліктің мәліметінше, миопия Қазақстанда ғана емес, әлемде де көздің ең кең таралған ауруларының бірі саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, бүгінде әлем халқының 30%-дан астамы миопияға шалдыққан.
– Қазақстанда миопияның үдеуін тежеуге бағытталған заманауи әдістер, соның ішінде перифокалды көзілдіріктер мен ортокератологиялық линзалар қолданылады, – деп мәлімдеді министрлік.
Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай миопия әлем халқының жартысына жуығында, яғни шамамен 5 млрд адамнан анықталады. Оның ішінде әрбір бесінші адамда жоғары дәрежелі миопия, ал шамамен 200 млн адамда патологиялық миопия дамуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
