Қазір БАД өнімдеріне деген сұраныс артып жатқаны жұртқа мәлім. Ал негізіне келетін болсақ, ол шынымен емдік дәрі ме, әлде тек бизнес үшін арналған ба?

Жалпы биологиялық белсенді қоспалар (БАД) – бұл өсімдік, жануар немесе минерал тектес табиғи шикізат негізінде жасалған препарат. БАД дәрілік емес және тағамдық қоспалар санатына жатады. Олардың қызметі − денені пайдалы компоненттермен қамтамасыз ету. Олар дененің бейімделу қабілетін арттырады, диетадағы қоректік заттар мен дәрумендердің жетіспеушілігін оның калориясын арттырмай толтырады. Биологиялық белсенді қоспалар әртүрлі аурудың алдын алу мен емдеуде маңызды рөл атқарады, организмнен зиянды заттарды кетіруге, метаболизмді қалыпқа келтіруге қабілетті. Оларды тек дұрыс қолдану керек.

Қазақстанда тағамға тағамдық және биологиялық белсенді қоспаларды өндіруге (дайындауға), әкелуге (импорттауға) және өткізуге тіркеуден кейін ғана рұқсат етіледі.

Ал енді осы дәруменнің адам ағзасына қаншалықты пайдалы? Халық не дейді? Пікірлерден көрейік.

«Макро және микроэлементтер мен витаминдерден тұратын биологиялық белсенді қоспалар өсімдіктерден, жануарлардан және минералдардан өндіріледі. Сыртынан қарағанда мұндай қоспалар дәрілік препараттарға қатты ұқсас келеді. Бірақ «БАД» — дәрі емес! Олардың басты айырмашылығы – олардың құрамында белсенді қоспа көп.. Қазақстан Республикасының «Дәрiлiк заттар туралы» заңының 1-бабының 6-тармағында: «Биологиялық белсендi қоспалар − фармакологиялық белсендiлiкке ие болатын және аурулардың алдын алу және емдеу үшiн қолданылатын табиғи немесе олармен бiрдей биологиялық белсендi заттардың концентраттары» деп түсінік берілген. Биологиялық белсенді қоспаларға немқұрайды қарап, қалай болса, солай ішуге болмайды. Егер өзіңізді әлсіз сезініп, шашыңыз ерекше түсіп, тырнағыңыз сына беретін болса, одан да басқа белгілер байқалса, онда медициналық тексеруден өтіп, анализ тапсырғаныңыз жөн. Не ішсеңіз де, дәрігермен кеңескен абзал. Кейбіреулер таныстарының «басымның ауырғаны қойды», «үстімдегі жара кетіп қалды» деген сөздеріне сеніп, соны алып ішеді. Бес саусақтың бірдей емес, сол секілді бір адамның ағзасы екіншісіне ұқсамайды. Осыны ескеру керек», − деді  Ақмарал Баспақова сұхбаттарының бірінде. өзінің әлеуметтік желіде сұхбатында айта кеткен болатын.

Ал репродуктолог дәрігер Валерия Нехорошеваның айтуынша:

«Қазіргі таңда ел бойынша, әсіресе Алматыда гепатоз бен гепатиттің негізгі себептерінің бірі − В немесе С гепатиті емес, бақылаусыз қолданылатын биологиялық белсенді қоспалар. Оларды кейде адамдар өз бетінше қабылдайды, кейде дәрігерлер тағайындайды. Кейбір тізімдерде 30 түрлі препараттың жартысынан көп бөлігі БАД болған жағдайлар кездеседі. Адамдар бұл қоспаларды көп мөлшерде пайдаланады. Кей жағдайда ешқандай ауыр салдары байқалмайды, бірақ көбіне асқынулар гастроэнтерологқа жүгінген кезде анықталады. Яғни алдымен бауырды зақымдап алып, кейін оны емдеуге мәжбүр болады. Мұның бәрі БАДтардың әсерінен болуы мүмкін. Қазақстанда дәрілік препараттар қатаң тексеруден өтеді, ал БАД-қа мұндай талаптар қойылмайды. Олар «дәрілік зат емес» деп жазып, кез келген жарнама жасай алады, түрлі уәделер береді, «дейін және кейін» форматындағы жарнамаларды қолданады. Сонымен қатар, дәріні тіркеу ұзақ уақыт алса, БАД-ты тіркеу әлдеқайда жеңіл әрі тез жүзеге асады».

Халықтың айтуынша, кейбір БАД пен витаминдер біреуге жақсы әсер беруі мүмкін. Мысалы, бір адамның көру қабілеті жақсарып, өзін сергек сезіне бастағанын айтады. Ал енді біреулер арықтауға арналған «молекула» немесе түрлі витаминді қолданғаннан кейін, керісінше гормондарына әсер етіп, денсаулығы нашарлап, бұрынғыдан да көп салмақ қосқанын айтады. Сондықтан кез келген БАД немесе арықтататын өнім әр адамға бірдей әсер етеді деуге болмайды. Әр ағзаның қабылдауы әртүрлі. Интернетте сатылып жатқан түрлі витаминдер мен арықтауға арналған өнімдерді өз бетінше қабылдауға кеңес бермейміз. Оларды тек дәрігердің кеңесімен және ресми түрде тексерілген жағдайда ғана қолданған дұрыс. Себебі денсаулық − тәжірибе жасайтын алаң емес.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, БАД − ауруды емдемейді, дертке дауа болатын дәрі емес, тек ағзадағы нақты дәлелденген тапшылықты толықтыратын көмекші құрал.

Кәусар Тұрсынхан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!