Адамзат қоғамының даму тарихына көз жүгіртсек, әрбір өркениетті елдің биік жетістіктерге білім мен рухани құндылықтардың арқасында жеткенін аңғаруға болады. Қай заманда болмасын халықтың болашағы оның білім деңгейімен, мәдениетімен және тілінің мәртебесімен өлшенген. Өйткені білім – елдің интеллектуалдық қуатын арттыратын негізгі күш болса, тіл – ұлттың рухани тірегі, тарихи жадын сақтайтын қастерлі мұра. Сондықтан білім мен тіл ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты әрі қоғам дамуының басты өзегі болып саналады.

Білім – адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі. Білім арқылы адам дүниетанымын кеңейтеді, өзін-өзі жетілдіреді және қоғамға пайдасын тигізетін тұлғаға айналады. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Ғылым таппай мақтанба» деп жастарды білімге, ғылымға ұмтылуға шақырған. Расында да, білімді адам ғана заман талабына бейімделіп, өзгерістерге төтеп бере алады. Қазіргі технология мен ғылым дамыған кезеңде білімнің рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Әлем елдері ғылым мен инновация арқылы дамып, экономикасын нығайтып отыр. Мұндай жағдайда білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір мемлекеттің басты мақсаты.

Бүгінде ақпараттық технологиялар қарыштап дамып, цифрлық дәуір қалыптасты. Жасанды интеллект, робототехника, медицина, инженерия сияқты салалар күн сайын жаңарып келеді. Осындай жаһандану кезеңінде білімсіз қоғамның алға жылжуы мүмкін емес. Сондықтан жастар тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, жан-жақты ізденіп, заманға сай білім алуға ұмтылуы қажет. Білімді адам өз елінің дамуына үлес қосып қана қоймай, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болады. Сонымен қатар білім адамның мәдениеті мен адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына да әсер етеді. Тек кәсіби білім алып қана қоймай, рухани тұрғыдан да бай болу маңызды. Себебі тәрбиесіз берілген білім – адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан білім мен тәрбие әрқашан қатар жүруі тиіс. Саналы, мәдениетті, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның басты міндеті. Ал тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани болмысының айнасы. Әр халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы мен салт-дәстүрі оның тілінде сақталады. Ана тілі арқылы адам туған халқының құндылықтарын бойына сіңіреді. Қазақ халқы үшін тілдің орны ерекше. Тіл – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұра, ата-бабадан қалған аманат. Қазақтың шешендік өнері, жыр-дастандары, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері – тіл байлығының айқын көрінісі. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы – тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі. Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде қазақ тілін оқыту сапасы артып, түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл – ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған маңызды қадамдар. Себебі тілін құрметтеген халық қана өзінің ұлттық болмысын сақтай алады.

Қазіргі таңда көптілділік мәселесі де ерекше маңызға ие. Бірнеше тіл білу – заман талабы. Шет тілдерін меңгеру арқылы жастар әлемдік білім мен ғылымға жол ашады, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Алайда өзге тілді меңгеру ана тілімізді екінші орынға ысыру дегенді білдірмейді. Керісінше, өз ана тілін терең меңгерген адам ғана басқа тілді де еркін игере алады. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу мен дамыту әрдайым басты назарда болуы керек. Тіл мен білім – бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Тіл арқылы білім беріледі, ғылым дамиды, мәдениет қалыптасады. Егер қоғамда тілдің қолданыс аясы кең болса, онда сол халықтың рухани деңгейі де жоғары болады. Ал білімді ұрпақ өз тілін қадірлеп, оның дамуына үлес қосады. Сондықтан білім мен тілдің дамуы – елдің дамуының кепілі. Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Жастар сапалы білім алып, ана тілін құрметтеп өссе, мемлекетіміздің келешегі де жарқын болады. Ел Президенті де өз жолдауларында жастардың білімді, бәсекеге қабілетті әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуына ерекше назар аударып келеді. Бұл – ел болашағына жасалған үлкен қамқорлық. Қорытындылай келе, білім мен тіл – қоғамның дамуына серпін беретін ең маңызды құндылықтар. Білімді ұрпақ – елдің тірегі болса, тіл – ұлттың рухани тұғыры. Осы екі құндылық қатар дамыған кезде ғана мемлекет өркендеп, болашағы баянды болады. Сондықтан әрбір азамат білім алуға ұмтылып, ана тілін құрметтеп, оның мәртебесін көтеруге үлес қосуы тиіс. Білім мен тілге деген құрмет – елге деген құрметтің белгісі.

Жардемхан Нұрдәурен, Қызылорда облысы Әділет департаментінің қабылдау бөлімінің қоғамдық меңгеруш

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!