Тіл − ұлттың жаны, мемлекеттіліктің басты діңгегі. Ал сол діңгектің беріктігі, әсіресе, заң үстемдік ететін сот залында ерекше сезілуі тиіс. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін асқақтату тек филологтардың емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің, соның ішінде қара қылды қақ жарған билердің бүгінгі жалғасы судьялардың қастерлі борышы.

Сөздің киесі заңның жүйесі. Сыр өңірі қашаннан қазақы қаймағы бұзылмаған, тілдік нормалардың саф алтындай сақталған мекені. Осы орайда, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты тіл саясатын жүргізуде көш ілгері келеді. Бұл жерде құқық пен тіл бір арнада тоғысады.

Әкімшілік сот өндірісі қоғам өміріндегі ең жиі кездесетін мәселелерді шешетін орын. Күнделікті қайнаған жұмыс барысында сот мамандары мен судьялардың мемлекеттік тілде іс жүргізуі жай ғана міндет емес, халыққа деген құрметтің белгісі.

Сот саласындағы тіл өте нәзік құрал. Мұндағы әрбір термин, әрбір үтір мен нүкте адам тағдырына әсер етуі мүмкін.

Бүгінде аталған соттың кеңсе жұмысынан бастап, сот үкімдерінің шығарылуына дейінгі процесс цифрландырылған. Алайда, технология қанша дамыса да, тілдің мәйегі мен заңның әділдігі адам санасында қалады. Мұндағы мамандар тек заңгер ғана емес, сонымен қатар тіл жанашырлары.

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты тіл мен заңды егіз ұғымдай ұстанып, Сыр елінің мәртебесін асырып отырған қара шаңырақ.

Тұғыры биік туған тілдің абыройы әрбір сот шешімінің әділдігімен және әрбір құжаттың сауаттылығымен өлшене бермек.

Гүлсезім Гажданбекқызы,

 Қызылорда облысы Қызылорда қаласының

әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі

 мамандандырылған сотының

бас маман – сот отырысының хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!