Есірткісіз өмір ғажайып

Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға!

Елімізде 1999-2000 жылдармен салыстырғанда есірткі қолданушылар саны 98 процентке артқан. Өткен жылы Іле-Алатау саябағында ел тарихындағы ең ірі есірткі зертханасы әшкереленсе, сәуір айында Қарағанды, Ақмола, Павлодарда да осындай қылмыс қылаң берді. Ал, бір ғана Жамбыл облысында 800-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Бұл – қауіп күшейгенінің айғағы.

Кеселмен күресте оның себебін анықтау қажет. Көбіне психоактивті затты өмірден орнын таба алмай, мәселесінің шешімін таппай сабылып жүргендер қолданады. Ал, жастар арасындағы әуестік білместіктен. Уақыт өте одан бас тарта алмайтын дәрежеге жетіп, өз болашағына балта шабады. Профилактика маңызды. Бұл ретте арнайы мамандар мектепке келіп, есірткі туралы, оның зияны неге әкеп соқтыратыны жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алды. «Тәрбие – тал бесіктен». Психологтар да ата-ананың қолдауы бірінші орында екенін айтады, туындаған мәселе болса, оны шешуде үлкендерге жүгінуге шақырады, қажет кеңестер береді. Сонымен қатар құқық қорғау органдары да есірткіні жарнамалаумен айналысатын интернет сілтемелерді жою мақсатында рейд жүргізіп жатқанын білдік. Бірақ, «көлеңкелі» бизнеске қарсы күрес күшейген сайын қылмыстық топтар да торға түспеудің түрлі тәсілін ойлап табуда.

Марқұм журналист ағамыз Бейсен Құранбек артынан «Ауырмай тұрғанның өзі жарты бақыт» деген сөз қалдырды. Ол баршамызға ой салады. Сондықтан өзімізді жаттай күтіп, жаман әдеттерден аулақ болу қажет. Замандастарымды келешекті бірге қалауға, ел мен жер, қоғам алдындағы міндетімізді бірге атқаруға шақырамын. Біздің мақсатымыз – ата-аналарымыздың үмітін ақтап, сенімнен шығу, елге пайдамызды тигізу.

Ислам ТӨЛЕП,

№171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің

10 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!