Қазір өзге идеологияны сіңіру үшін бұрынғыдай ел ішіне кіріп, үгіт-насихат жасаудың қажеті жоқ. Тіпті біреуді қашықта отырып қылмысқа, террорға итермелеуге болатынына кейбір әлем елдеріндегі ахуал дәлел. Мұндай жағдайдың басым бөлігі ғаламтордың көмегімен жүзеге асуда. ХХІ ғасырдың басында дүниежүзілік интернет желісі экстремистік және террористік ұйымдардың ақпараттық қызметінің негізгі алаңына айналды. Мәселен, әлемде интернет желісін пайдаланушылардың жалпы саны 4,54 млрд адам болатын болса, Қазақстанда 17,5 млн адамды құрайды. Осыдан-ақ, экстремистік топтардың үлкен мүмкіндікке ие екенін байқауға болады.

Бүгінде діни экстремизм мен терроризм – әлемдік дертке айналған проблемалардың бірі. Сондай-ақ радикалды діни топтардың түрлі айла-әдістерді қолдану арқылы қатарына тарту фактілері көп. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы заманауи электрондық бағдарламалық қосымша, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілерін пайдалана отырып, ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы қоғам санасына енуде. Статистикаға сүйенсек, жастардың 70 процентке жуығы өздерінің алғашқы діни сауатын әлеуметтік желі арқылы ашатыны анықталған. Деструктивті діни ағымның жетегіне кететіндердің 88 процентіне осы әлеуметтік желі тікелей әсер етіп отыр.

Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды қатарына тарту үшін барлық мүмкіндік қолданады. Оның ішінде, тақырыптық форумдар, мессенджерлер, онлайн ойын және өзге де жастарды қызықтыратын бағдарламалар бар. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған «Tiktok» әлеуметтік желісінде діни экстремистік идеяларға насихат байқалатыны анықталған. Осы орайда ата-аналар баланы бақылауда ұстап, желіде қандай топқа тіркелгенін тексергені дұрыс. Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат алудың қайнар көзі. Соның ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ең бастысы, әлеуметтік желіге салқынқанды, сауатты қараған артық етпейді. Әрбір ақпаратты ресми сайттармен салыстырып, өзгемен бөлісу алдымен өзіңіз үшін пайдалы.

Нұрлан ТӘШІМ-ТЕГІ,

облыстық дін істері басқармасы

дін мәселелерін зерттеу орталығы

интернет және БАҚ-пен жұмыс

бөлімінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!