Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облысының Іле ауданында 500 оқушы мектепке бара алмай алмай отыр. Қараой ауылында оқу жылының үшінші тоқсаны басталысымен мектеп автобусы істен шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, мектеп басшылығы автобустың жоқ болғаны себепті сабақты қашықтан оқуға ауыстырған.

«Біріншіден, интернет ұстамайды. Екі балам бастауыш сыныпта оқиды. Оларға дұрыс білім беруі керек. Көбейту, бөлуді өтіп жатыр. Автобус жоқ болғандықтан, үйде отырмыз», – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Шолпан Қасымова.

Саяжай аумағында тұратын балалар үшін сабақты онлайнға ауыстырғалы үш аптадан асқан. Ата-аналар үй мен мектептің арасы 5 шақырым болатындықтан, оқушылар барып-келе алмайтынын айтады.

«Үшінші аптадан бері автобус жоқ. Жұмыстан сұранып келіп, тасып жүрмін. Екі ауысымда оқиды. Үйде интернет ұстамайды. Машинаға, үйге, жерге салық төлейміз. Жаңа автобус беруге болмай ма?» – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Баян Хасенова.

Автобустардың мектеп ауласында осылай қаңтарылып тұрғанына бір айдан асқан. Соның кесірінен мектептегі 700 оқушының жартысынан көбі онлайн оқиды. Ал шалғай жатқан ауылдағы интернет нашар. Мектеп басшылығының айтуынша, аула сыртындағы көліктер автобөлшектері болмағандықтан, жүрмей тұр.

Оқушыларға офлайн оқу ұйымдастыра алмаған мектеп басшылығы автобустың дүйсенбі жөнделетінін айтты.

«Мектепте 751 оқушы оқиды. Оның 551-і саяжайдан келеді. 200 оқушы жаңа құрылыстан келеді. Қазір Жаңа жыл болғандықтан қаражат әлі бөлінбеді. Автобөлшектер алынғаннан кейін, автобусты жөндейді. Әкімдік те айтты, білім бөлімі де дүйсенбі мәселе шешілетінін айтты», – деді № 50 орта мектептің директоры Шолпан Байтымбетова.

Қараой ауылдық округінің әкімі мәселенің бақылауда екенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!