Алматы облысында 5-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. 11 жастағы қыз бала үйінде асылып қалған деп хабарлады turkystan.kz Аstanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай Талғар ауданындағы Гүлдала ауылында болған. Атасы мен апасының қолында өскен жеткіншек, сол күні үйде жалғыз болыпты. Сабаққа да қатыспаған. Мұны мектеп директоры айтты. Білім ордасында қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар сабақты қашықтықтан оқиды. Қыздың онлайн сабаққа қосылмағанын көрген мұғалімдері оны іздей бастаған.

Қуаныш АЙТБАЕВ, ГҮЛДАЛА АУЫЛЫ №21 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сабаққа жиі қатысып отыратын. Сабақ үлгерімі жақсы. Қыздың мамасының өзі тікелей бізбен байланыста болатын. Әрдайым баласының  сабағын қадағалап отыратын.

Қыздың тосын қазасы ұстаздары мен сыныптастарын да есеңгіреткен. Оның мұндай қадамға баруына не себеп екені әзірге белгісіз. Дегенмен мектеп директоры өлімге итермелеген ғаламтордағы түрлі сайттар болуы мүмкін дейді

Қуаныш АЙТБАЕВ, ГҮЛДАЛА АУЫЛЫ №21 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Естідік сондай телеграмға кіріп кетті деген сияқты. Мектептен тыс уақытта біз балалардың телефонда қай сайтта отырғанын біле алмаймыз. Бұл жерде ата-ананың көмегі қажет бізде. Сондықтан әрбір ата-ана балалардың қайда отырғандығын, кіммен сөйлесіп отырғандығын бақылап отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Істің ақ-қарасын енді Полиция анықтамақ. Жұмбақ өлім дерегімен іс қозғалған.

Серік ТҰРПАНБАЕВ, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі бойынша  Талғар аудандық Полиция басқармасында тіркелді. Қылмысты дұрыс шешу мақсатында заңда көзделген іс-шаралар жүргізілуде. Керекті сараптамалар тағайындалды.  

Соңғы уақытта жастар арасында өзіне-өзі қол салатын фактілер жиі орын алып жүр. Олардың дені ғаламтормен байланысты. Осы орайда, жұрт әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу қажет дейді. Қауіпті сайттарды бұғаттаған жөн деп отыр.

Сұлтан ТІЛЕК, ТҰРҒЫН:

Ата-аналар контроль жасайды ғой. Бірақ баланың қазір телефонда не көріп отырғанын біз қайдан білеміз, мысалы. Сондай ойындарды тіптен мемлекетімізде ойналмайтындай қылып, жоқ қылып жіберуге бола ма. Мүлдем соны жоқ қылып тастаса.  

Ернар БАЙКЕНЖАЕВ, ТҰРҒЫН:

Телефонның негізі пайдалы тұстары көп қой. Бірақта көбіне балалар білмегендіктен зиянды жақтарына кетіп қалады. Көптеген пропагандалық контенттер бар. Солардың барлығын мемлекет тарапынан да блоктап және ата-аналардың да тарапынан балаларының қандай нәрселер көретінін шектесе дұрыс болады.  

Сондай-ақ тұрғындар, балаларға мектеп қабырғасында да түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек дейді. Психологтар да қауіпті сайттар мен  онлайн ойындардың зардабын түсіндірсе деп отыр.