Қызылорда облысының Қазалы ауданына Сексенбаевтар әулеті жақсы таныс. Небәрі 2000-ға жуық халқы бар шалғайдағы шағын Кәукей ауылында бір отбасының үш бірдей баласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы атанып келеді. Алғашқы екеуі Нұргүл  мен Айым 2016, 2021 жылдары мектептен түлеп ұшса, олардың ізбасары Еркесылқым бүгінде «Өркен» білім беру грантының иегері болып отыр. 

«Мектепке қабылданғаным туралы алғашқы болып Италиядан әпкем Айым хабарласып айтты. Ести сала көзімнен қуаныш жасы шықты. Ауыл кішкентай болған соң, барлығы бір-бірінен естіп, бүкіл ауыл халқы отбасымызды құттықтады», – дейді грант иегері.

Үздіксіз екі жыл қатарынан дайындық жүргізген жас дарын Зияткерлік мектепте қажетті білім, дағдыны меңгеріп, болашақта биомедицина саласын зерттеп, бәсекеге қабілетті маман атанғысы келеді. Ал, «Өркен» гранты сол арманның орындалуына апарар жол деп санайды.

«Білімді ұрпақ Қазақстанды жетілдіреді. Көптеген жастар дарынды мектепте білім алып, шетелге оқуға түсіп, алған білімін туған елінің дамуы үшін жұмсағысы келеді. Менің де арманым осы және NIS-ке түсу сол мақсатқа жетудің бір қадамы», – дейді Еркесылқым Бақытқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!