Бүгінде білімді жастардың
грантқа қол жеткізіп, қалаған маман иесі атануына мүмкіндік мол. Кешегі Мағжан сенген Сыр жастары мұны қаперге алған. Әсіресе, аудандар арасында қазалылық оқушылардың қадамы қарышты. Облыс бойынша ұйымдастырылған «Үздік орта білім беру ұйымы» конкурсында жүлделі атануы да сондықтан. Білім саласында көш бастаған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ұжымы бұған дейін 17 млн теңге грант қаржысын иеленіп, қазыналы өлкенің мерейін тасытқан болатын. Мұндағы білім алушылар интеллектуалдық сайыстардың жүлдесінен де құр алақан емес. Өткен жылы олардың шын дарынның ауылдан шығатынын дәлелдегені есте.
Республикалық «Мың бала» олимпиадасында №249 мектеп-лицейден 67 шәкірт бақ сынап, оның 21-і жеңімпаз атанған. Ал ол республика бойынша жоғары көрсеткіш болды. «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры 4 мыңнан аса мектептің ішінен суырылып шыққан білім ошағына 2 миллион теңгенің қаржылай сертификатын табыстады. Бұл – білім саласына деген қолдаудың көрінісі. Ұстаздардың оқу үдерісінде заманауи технологияны тиімді пайдаланып, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануының жемісі. Мектеп-лицей директоры Батырбек Тəңірбергеновпен тілдескенімізде, жетістік аудан абыройын асқақтатып, ұжым еңбегін еселегенін айтты. Шынында, бұл – ұрпақ тәрбиелеу міндетін мойнына алып, бала бойындағы ізденісті арттыруға үлес қосып жүрген жандардың ортақ еңбегі. Орайлы сәтте айта кетейік, дәл осы мектепте «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті наградасын республикада алғаш болып иеленген педагог Жәмилә Әбжан секілді өз ісінің майталман мамандары сабақ береді. Мектептің материалдық-техникалық базасы ақпараттық технология бағытында жабдықталуда. Мұнда көпсалалы ғылымның тереңіне бойлауға мүмкіндік көп. Екі биология, физика, химия, үш лингафон кабинеті бар. Сонымен қатар робототехника, IT бойынша жұмыс істеуге арналған кабинеттер жасақталып, ақпараттандыру орталығы ашылған. Қазір оқушы барлық үйірмені бір блоктан таба алады және мұндай үйірме саны 4-ке жеткен. Мектеп-лицей республикалық «Үздік онлайн мектеп» байқауында топ жарған тұста Bilimbook интерактивті панелін жеңіп алған. Жоғарыда айтылған 17 млн теңгеге бейнесабақ түсіру кезінде пайдаланылатын теледидар мен ақпараттық материалды шығаруға арналған түрлі-түсті принтер, LED экран, BilimBook интерактивті панелі, компьютер құрылғысы орнатылған биология, химия, физика және тағы да басқа пәндерді тереңдете оқытуға арналған ROQED құрылғысы алынған.
– Жастардың ғылымға ден қоюына жағдай жасаудамыз. Бұған дейін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытын­дысымен мектеп-лицей «Ең үздік ауыл мектебі» аталымына лайық танылып, елдегі үздік 116 олимпиадалық мектептің қатарына енді. Сондай-ақ, біз Білім және ғылым министрлігінің «Дебат қозғалысын жандандыру және мектептегі өзін-өзі басқаруды дамыту» тапсырмасы бойынша жұмысты жалғас­тырудамыз. Облыстық білім басқарма­сына қарасты «Дарын» қосымша білім беру орталығ­ының ұйымдас­тыруы­мен мұғалім­дер ара­сында өткен «Ұшқыр ой алаңы» облыстық дебат турнирінде мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Сымбат Тиышбай «Ең білімді ойыншы» номинациясын иеленді. Кәмшат Бақанқызы «Үздік логопед – 2021» облыстық байқауында жеңімпаздар қатарынан табылды. Ауыл балаларының қабілетін ашуға барын салып жүрген мектеп ұстаздарының әрбірі марапат-сыйдан кенде емес және алдағы уақытта, жаңа жылда да біз осы қарқынмен биік белестерді бағындыратын боламыз, – дейді мектеп-лицей директоры.
Миллионер мектептің оқушысы, «Мың бала» сайысының финалисі Әйгерім Есқали да жоғары нәтижеге осындай мүмкіндіктердің, ұстаздар берген білімнің арқасында жеткенін айтты. Осыған қарап, Ұлы Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген өсиетін жастар жете ұғынған және олар ізденіске іңкәр деуге әбден болады. Бастысы, Президент жүктеген «Ауыл мен қала баласы тең оқу керек» деген білім деңгейін теңестіру міндеті жүйелі іске асып отырғаны қуантады.

Айлин МАНСҰРҚЫЗЫ