Еліміздің 5 өңірінде облыстық білім басқармаларының қызметкерлері мониторинг шараларын алға тартып, жекеменшік балабақшалардың қызметін заңсыз тексерген. БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің 5 өңірінде облыстық білім басқармаларының қызметкерлері мониторинг шараларын алға тартып, жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің қызметін заңсыз тексерген. Нәтижесінде Шымкент қаласында біздің аумақтық департаментіміз қалалық білім басқармасының қызметкерлерінің балабақша иелерінен жүйелі негізде оларды тексермегені үшін пара алу фактілерінің жолын кесті. Қазір бұл қылмыстық іс өндірісте», – деп мәлім етті Превенция қызметінің басшысы.

Сонымен бірге Саян Ахметжановтың дерегінше, «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтірген 47 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Бұған қоса, өңірлердегі білім басқармаларының қызметкерлері Kundelik.kz-ке мектеп асханасындағы мәзірді орналастырғаны үшін кәсіпкерлерден ақша алып келген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!