Білімсіз прогресс болмайды. Бұл – елімізде жүргізіліп келе жатырған басты аксиома. Ал білімді ұрпақ қалыптастыру жолында мектептердің маңызы зор. Бұл ретте Арал ауданындағы №64 мектеп бәсекеге сай деп сеніммен айта аламыз.
Білім ордасы жаңаға жаны құмар жеткіншектер үшін бар жағдайды жасаған. Мектептің сынып кабинеттері жарық әрі кең. Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Біз бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуға ұмтылыстамыз. Бұл орайда «Оқитын ұлтты» қалыптастыру маңызды. Мектеп басшылығы мұны ескеріп, кітапхана қорына жіті мән береді. Бұдан бөлек, әдебиет, ғылым, сан түрлі саланың соқпағымен оқушыларды таныстыратын кітаптар бар.
Қоғамдық өмірде белсенділік те күн тәртібінен түспейді. 80 орындық акт залында жыл бойына үздіксіз мектепішілік, аудандық түрлі шаралар, ғылыми конференциялар, әдеби кештер мен кездесулер, мүшәйралар өтіп тұрады.
Заманауи мектеп ішінде кең жолақты 3 мегалайн желісі тартылған. Қосымша күшейткіш роутерлер қойылып, сынып кабинеттеріне интернет желісі орнатылған. Оқушылар игілігі үшін барлығы 75 компьютер және 52 планшет жұмыс істеп тұр.
Баланы ерте жастан еңбекке баулу маңызды мәселе. Ол – тәрбие тіні. Сондықтан оқушылардың қабілетін шыңдайтын шеберханалар да қарастырылған. Мұнда қыздар қолөнер әлеміне терең бойлай алады. Оған қажетті техника да жанында. Ал, ер балаларға арналған бөлім токарь, фреза, қайрақ секілді станоктармен жабдықталған. Мұнда болашақ қат мамандар ерте бастан қалыптасып жатыр десек болады.
Спортқа бейім жастар көбейгені қуантарлық. Тіпті, осы қарапайым ауыл мектебінде болашақ чемпиондар шыңдалып жатқан да болар. Себебі мектептің кең спорт залында жыл көлемінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып тұрады.
Мектеп тәрбие жұмысы да шет қалмаған. Осы мақсатта «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар «Ұшқыр ой» дебат клубы, «Полицияның жас көмекшілері» клубы, «Қозғалыстың жас инспекторы» жасағы, «Қарлығаш» қыздар клубы, «Мирас» ер балалар клубы, «Мектеп театры» жобасы мен «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Мектеп парламенті» және пәндік үйірмелері де бар. Одан бөлек 171 оқушы мектептен тыс мекемелердің түрлі үйірме-курстарына қатысады.
Мектептің дамуы, балаларға арналған ыңғайлы кабинеттер мен арнайы сыныптардың болуы көңілге қуаныш ұялатады. Осы ретте оқушылардың биология, химия пәндерінің практикалық сабақтарына көмегін тигізген және табиғатты қорғауға, еңбекқорлыққа бағытталған жылыжайды да айтып өткен жөн . Өткен жылы жылыжайда қияр, шалғам (редиска), ас көк, асжапырақ, сарымсақ өнімдері алынып, мектеп жанындағы асханада пайдаланылды. Болашақта жылыжайдан алынатын өнімдерді одан әрі түрлендіріп, пайдаға асыру көзделіп отыр.
Ұлы Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылық…» деген терең ой қалдырды.
Шынында, білімсіз өмір жоқ. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Мұны болашақтың кілті – жастардың түйсініп отқаны анық.

Т.ТӨРЕМҰРАТОВ
Құмбазар елді мекені

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!