Абай облысы Ақсуат ауданының оқушылары аттестатсыз қалуы мүмкін. Себебі Тоғас батыр мектебінің директоры білім ошағының тіркеуден өтпегенін жасырып келген, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Ашынған ата-аналар 11 жыл оқыған мектептен балаларына бір жапырақ қағаз бұйырмайтынына наразы.

«Қалайша біздің балаларымыз Тоғас батыр мектебін бітіріп отырып, 119 сынып оқушылары Сасан би мектебінің аттестатын алады? Осы жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. Осы уақытқа дейін мектеп директоры Асхат Калиолдин басқарды. Сонда үш жыл жұмыстың қайда кеткені?» – дейді Ойшілік ауылының тұрғыны Әсем Рахметова.

Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр орта мектебінде 310 оқушы бар. Биыл 9 бен 11-сыныпты отыз үш бала бітіреді. Бірақ бұл білім ордасында түлектер үшін соңғы қоңырау соғылмауы мүмкін. Өйткені мектеп екі мәрте аттестациядан өте алмаған. Соның салдарынан білім ошағы түлектерге құжат беру құқығынан қағылып отыр. Сондықтан оқушылар көрші ауылдағы Сасан Би орта мектептің атестаттын алуға мәжбүр. Ал ата-аналар облыстың білім басшыларынан балаларына өздері оқыған мектептен құжат беруін талап етіп отыр. Алайда бұл ауыл бұрын Шығыс Қазақстан облысына қарағандықтан, шенеуніктер қандай мәселе туындағанын тексеруге комиссия жібере алмай отырғандарын айтады.

Қазір Тоғас батыр мектебіне үшінші мәрте аттестациядан өтуге мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, облыс бойынша биыл алты білім ошағы жабылуы мүмкін екен.

«Мысалы, кәсібилігін бақылаудан үшінші рет өтпесе, біз мектептің жабылуын немесе қайта жаңадан құрылуын жергілікті білім бөлімімен бірге қарастыруды бастаймыз. Әлі шешім қабылдаған жоқпыз. Қазір мораторий бітуін күтіп, ары қарай көреміз», – дейді Абай облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Қасымбек Ақжалов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!