Нұрбек ДОСБОЛҰЛЫ, «КitapAl» дүкенінің директоры, «Ыбырай» білім беру қорының төрағасы:

Қала орталығында жанға жайлы бір орын бар. Онда заманға сай кітап та, трендке айналған тәтті кофе де бар. Тыныштық пен демалыс іздеген жанға таптырмас орта «КitapAl» деген атаумен көпке таныс. Біз сол орталықтың басшысы Нұрбек Досболұлымен емен-жарқын әңгімелескен едік.

‒ Нұрбек, кәсібіңізді кітаппен байланыстыруыңыздың өзі сіздің кітапты жиі оқитыныңыздан хабар береді. Бұл бала күннен қалыптасқан әдет пе? Кәсіп жайлы айтпас бұрын сіздің кітапқа деген көзқарасыңыз қызық болып тұр…

‒ Иә, кітап оқу бала күнімнен қалыптасқан дағды. Отбасында атамның жиі кітап оқып, жазатынын көріп өскен соң  кітапқа деген қызығушылығым арта түсті. Айта кетейін, мен Қарағанды облысы, Қаныш Сәтбаев қаласында дүниеге келіп, сол жақта білім алдым. Мектепте жүргенде қосымша  қалалық кітапханаға жиі баратынмын. Онда бізге нөмір беретін. Сонда кітапханашымен дос болып, маған «341» деген нөмір емес, «001» деген нөмір берсеңіз деп сұрағаным, сол үшін келесі жылдың бірінші қаңтарын күтіп, соны алғаным есімде. «Ләйлі-мәжнүн» дастанын оқудың өзі қызық болды. Қалаға жақын жердегі Қожамбай ауылына барып, қой бағып жүріп те кітап оқитынмын. Мысалы, сондай күннің бірінде «Мың бір түн» кітабын үйдегілер «кішкентайсың» деп рұқсат бермесе де, тығылып жүріп оқығаным бар. Қазір күніне бір жарым сағат кітап оқуға тырысамын. Бір әдетім, кітаптарды түрлі бағытта оқығанды жақсы көремін, яғни бір мезгілде бес түрлі кітап оқимын. Себебі адам бір тақырыптан жалығуы мүмкін.

‒ Бұл әдістің тиімділігі қандай?

‒ Кітапты соңына дейін оқу келесі кітапты бастауға деген қызығушылығымды оятады. Жалпы мүлде шаршамай оқитын кітабым отбасы тақырыбындағы кітаптар. Өйткені көкейімде үнемі «Отбасымды қалай үлгі тұтарлық деңгейде қалыптастыра аламын? Отбасылық кикілжің орын алса, оның алдын қалай аламын?» деген сауалдар болады және сол үшін өзімді мүмкіндігінше ақпараттармен қамтамасыз етуге тырысамын. Өйткені бұл қарым-қатынас тікелей баланың психологиясына, тәрбиесіне әсер етеді. Отбасымның дұрыс болуы балаларымның болашағының жарқын болуы деп түсінемін. Жақында ғана «Шабыт» баспасынан шыққан «Бақытты отбасы негіздері» кітабын аяқтадым.

‒ Осы уақытқа дейін шамамен қанша кітап оқыдыңыз?

‒ Үш жүзден аса кітап оқыған шығармын. Қазір зерттеу кітаптарын оқып жүрмін. Негізі кітаптан бөлек «Ыбырай» білім беру қорында төрағалық қызмет атқарамын. Үздік мұғалімдерді жинақтауды мақсат еткен қор «Қазақстанда білім деңгейі не үшін төмендеп кетті?» деген зерттеу жұмысын жасаған. Сол зерттеумен қатар Стивен Ковиннің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» атты кітабын, Ыбырай Алтынсаринның өмірбаяны жазылған үштомдықты оқудамын.

‒ Ең алғаш бизнес жолын қалай бастадыңыз? «КitapAl»  жобасы қалай дүниеге келді?

‒ Бала күнімнен саудаға жақын болдым. Ең алғаш кәсіпті неден бастаймын деп ойлана келе кітап дүкенін таңдадым. Қазір бұл сала бойынша тоғыз жылдық тәжірибем бар. Бастапқыда менде ешқандай қаражат болған жоқ. Жалақымнан жинап жүріп, Ақтау қаласындағы мешіт төңірегінен кітап сатуға орын алдым. Ең алғаш 160 мың теңгеге кітап әкеліп, оның негізгі бағасына 20 пайыз ақысын қосқан кезде пайдасын көріп, таң қалдым. Екі жылдан соң қала орталығынан «Айдын» деген атаумен кітап дүкенін аштық. Кітап оқыған адам айдың нұрындай жарыққа, жақсылыққа кенеледі деп солай қойғанбыз. Қазір фирманың да атауы – «Айдын кітап». Бірақ арманым супермаркет деңгейіндегі кітап дүкенін ашу болатын. Қосымша тапқан қаражатыма Еуропаға үш-төрт мәрте бардым. Сол кезде міндетті түрде кітап дүкендерін аралап, атмосферасын сезінуге тырысатынмын. Қарап отырсаңыз, «КitapAl»-дағы кітаптар сөресі мен кофейня қызметінің бірігуі сол Еуропадан көрген үлгі еді. Қызылордағы келмес бұрын осындағы кітап нарығын зерттедім. Мұнда Алматы қаласындағыдай «Меломен», «Марвин» сынды кітап дүкендері жоқ. Үлкен кітап дүкенін ашуды мақсат еткен мен Қызылордада кітапқа сұраныс бар екенін түсіндім. Осылайша екі жыл бұрын қалаға отбасыммен бірге қоныс аудардым.

‒ Үйде кітап қорын жинақтайсыздар ма?

‒ Иә. Мен көбіне кітапты сызып оқығанды жақсы көремін. Шимақтап тастаған кітапты біреуге берген ыңғайсыз. Бір жағынан, менің сызғандарым басқаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан кітапты міндетті түрде сатып алуға тырысамын және табысымның он пайызын кітап алуға жұмсаймын.

‒ Кітап сату табысты бизнес пе? Мұнда айына қанша кітап сатылады?

‒ Жалпы кітап бизнесі қоғам сұранысынан қалмайды. Себебі адам рухани азық іздейді, кемелденуді қалайды. Біз қазір электронды нұсқадағы кітаптарды сатуға тырысып жатырмыз. Мен екі жыл бойы үзбей  электронды кітап  оқыдым, мысалы «Көшпенділердің» үш трилогиясын онлайн бітірдім. Бірақ екі жылдан соң электронды кітаптан шаршадым. Өйткені электронды нұсқа кітапты қолмен ұстап, сезініп оқуға жетпейді. Сондықтан кітап саудасы азаймайды деп ойлаймын. Кітаптың жарамдылық мерзімі жоқ. Сондықтан ауқымды пайда әкелмесе де, бірден байып кетпесең де, тұрақты түрде табысқа жетуге болады. Дүкенде айына шамамен 3000-ға жуық кітап сатылады. «Мазмұндама» қорының, «Атамұра», «Самға», «Қасым» баспасының кітаптары тұтынушылар сұранысында. Өкінішке қарай қазір балалар әдебиеті жоқтың қасы. Осыдан бес жыл бұрын балаларыма ертегі оқып берейін десем, қызықты әдебиет таппағаным рас. Соңғы екі-үш жылда бұл бағытта да өзгеріс бар. «Балалар әдебиеті» жылы жарияланғаннан бері Алматыдағы «Алтын сақа» баспасы жүзден аса кітап басты. Сондықтан қазір балалар әдебиеті де жақсы сатылымға шығуда. Соңғы уақытта әйел адамдар психологияға қатысты кітаптарға жиі қызығады, сондай-ақ Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабы да үлкен сұранысқа ие. Жалпы қазір «екі қолға бір күрек дейтін заман» өтті, қазір оқыған, өзін дамытқан адам ғана озады. Сол үшін де кітап бизнесі тоқтамайды. Бүгінде бізге келушілердің орташа жасы 20-35 жас аралығында. Осы орайда жастардың кітапқа деген қызығушылығы жоғары екенін айтқым келеді.

‒ Нарық сұранысына сай онлайн кітап сататын дүкендер де бар. Осы тұста бәсекелестеріңіз жайлы сұрағым келіп отыр…

‒ Бізде 8000-нан аса кітап бар. Мақтанғаным емес, қала бойынша бәсекелес жоқ. Қазір тек өз-өзімізге бәсекеміз.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА 

Суреттерді түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!