Еліміздегі 71 мектеп күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов айтты.

«Биыл республика бойынша 276 мемлекеттік мектеп күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарымен қамтылған. Қазірге дейін 205 мектепті, яғни 74 пайызын жөндеу аяқталды. Ал 71 мектепте жұмыстар жалғасып жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары Түркістан облысында 20 мектепте, Батыс Қазақстанда — 9, Алматы облысында 7 мектепте аяқталмаған. Алматы қаласында 8 мектеп бітпеген, оның обьективті себептері бар. Бұл нысандарда сейсмогеология талаптарына қатысты жұмыстар атқарылып жатыр», — деді Е. Дауенов министрліктің аппарат кеңесінде.

Оның айтуынша, 13 мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының келісімшарт бойынша мерзімдері өткен, яғни мердігерлер өздерінің жоспарын орындай алмай жатыр. Осы орайда Алматы, Атырау, Жетісу облыстарында 2 мектептен, Астана қаласы, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1 мектептен тиесілі.

«Аталған өңірлер жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауына байланысты білім бөлімдері мен білім басқармалары заңнамаға сәйкес тиісті шараларды қабылдауы қажет. Республика бойынша 26 мектепте жөндеу жұмыстары биыл аяқталмай, 2023 жылға өтуі мүмкін. Бұл тұрғыда Түркістан облысында 13 мектеп, Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстарында 2 мектептен бар. Жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауы оқу процесіне кедергі жасап отыр», — деді комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 16 мектептің 5 265 оқушысы 1 қыркүйектен бастап жақын орналасқан мектептер мен басқа да бейімделген ғимараттарда білім алып жатыр. Өзге ғимараттарда білім алып жатқан оқушылардың ең көп саны Батыс Қазақстан (2131 оқушы) және Жамбыл (1985 оқушы) облыстарында.

Сонымен қатар Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Ысмайлов атындағы мектептің 500 оқушысы бұрынғы оқушылар сарайының ғимаратында оқып жатыр.