Шет тілді оқытудағы негізгі мақсат — сол тілде коммуникативті қалыптастыру және дамыту, оны еркін игеру. Шет тілі — қазіргі  заманның талабына сай қоғамның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени  дамуының қайнар көзі. Қазір шет тілін оқыту әдістемесінің деңгейі де жоғары.

Тіл дамыту жолдарын дұрыс ұйымдастыру –  тіл үйренушілердің ойлау қабілетін, сауаттылығын арттырудың негізгі жолы. Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің ағылшын тілі мамандары өңірдің ересек  тұрғындарының ағылшын тіліне ерекше сұранысын ескере отырып, тіл курсынан бөлек  «English Speaking Club» деп аталатын ағылшын тілінде пікірлесушілер клубының жұмысын жолға қойып отыр. Бұл орталық мамандарының  курс жүргізумен ғана шектелмейтіндігін, шығармашылық белсенділігін, сонымен бірге  іскерлігін аңғартады. Клубты құрудағы басты мақсат – тіл үйренушілерді  шетел тілінде еркін сөйлеп, ойын сауатты жаза білетін дәрежеге жеткізу. Ал бұл тілде  тіл үйренушілер дұрыс қарым-қатынас жасай алу үшін олар ауызша айтылған сөзді тыңдап түсінулері тиіс. Шетел тілінің қызметі – тіл үйренушілерді өздері үйреніп жатқан тілде сөйлейтін халық туралы түсінік қалыптастыра отырып, өмірге көзқарастарын жан-жақты дамыту, оны өз ұлтымызды ерекшеліктерімен салыстыра отырып талдай алуға баулу. Осы ретте бастаманы жүзеге асыруду барынша кәсіби біліктілігін салып жұмыс жасаған орталық оқытушысы Әсел Бөлебайқызының еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Тәжірибе, практика және тек сөйлеу практикасы қалаған нәтижеге әкеледі. Тілді үйренуге бір теория жеткіліксіз болады. Біздің де басты мақсат –  осы. Сөйлеу шеберлігі кез келген шет тілін үйренуде маңызды. Кейбір тіл үйренушілер грамматиканы оңай меңгеретіндерін, шетелдік әдебиеттерді рахаттана оқып, аудиожазбаларды да түсініп тыңдайтындарын алға тартады, бірақ ағылшын тілінде сөйлесуге келгенде, олар жауап бере алмайтынын көп айтады.  Бұл көбінесе білімнің жоқтығынан немесе шектеулі лексикаға байланысты емес, сөйлесу тәжірибесі мен психологиялық кедергіден болады.

«English Speaking Club» кездесулері алдын ала Фб, Instagramm әлеуметтік желілерінде хабарландырылып  отырады. Әзірге клубтың тұрақты мүшелері – ағылшын тілінде білім алып жатқан студенттер.

Тілді оқытуда интерактивтік тәсіл, ойындар, екеуаралық пікірталастар қолданылуда.  Түрлі  тақырыптарға лайықталған қарым-қатынас ситуациялары, мәтіндер, тілдік материалдар, лексикалық, грамматикалық, фонетикалық, практикалық біліктер, сөз әдептері, оқу әрекетінің тиімділігін іске асыратын жалпы оқу білік дағдылары  қатысушының тілдік деңгейіне лайықталып ұсынылады. Ағылшын тілі — əлемдегі тілдер арасынан көркемдігі мен бейнелілігі, тазалығы мен сөздік құрамының молдығы жөнінен дамыған тілдердің бірі. Ағылшын тілінде сөйлеуді үйрету үшін қолданылатын оқыту əдісінің мазмұны тілдік тұлғаның  тілдік қарым-қатынаста жинаған білімінің, қалыптасқан дағдысының, игерген шеберлігінің жиынтығына байланысты. Кейінгі кезде мультимедиалық, гипермəтіндік, желілік жəне коммуникациялық ақпараттық технологиялардың пайда болуы шетел тілін тиімді оқыту үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Мультимедиалық технологиялар мəтіндік құжаттарға, графикалық суреттер, дыбыс жəне бейнекөріністерін пайдалануға мүмкіндік береді .

Тіл үйренушілердің  ағылшынша сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін сөйлеудің дұрыс үлгісін көрсету керек. Оқушының сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін: сөзді, сөз тіркестерін дұрыс айтуға үйрету, мəтінді, өлең сөздерді айтқанда дауыстың анық болуын қадағалау, сұрақтарға жауап беру, дұрыс сөйлеуге үйрету, сұрақ қоя білу мен əңгімені бастау, жалғастыру, аяқтай білу қабілетін қалыптастыру сияқты жұмыстар қатар жүргізіледі. Сондай-ақ берілген мəтіннің мазмұнын айту мен сөйлеу үлгілерін сауатты түрде құрастыра білуге, диалог арқылы сұхбаттасу сияқты жұмыстар кеңінен жүргізіледі. Осындай жұмыс кең түрде жүрген тұста қатысушының сөйлеу ерекшелігі күннен күнге дамып, жан-жақты артып отырады. Ал бұл тіл үйренушінің  сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін: ол  меңгерген лексикалық материалдар бойынша талқылауға қатысып, мəтін бойынша түсінгенін еркін жеткізе білуге дағдыланады. Қойылған сұрақтарға тез жəне нақты жауап беру жəне сурет бойынша əңгіме құрастыру, əр түрлі жағдаяттарға байланысты сұрақ қоя білу мен схема бойынша сөйлемдер құрастырып айту жұмыстары басты рөл атқарады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев республикалық білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде білім беру ісін реформалаудағы стратегиялық міндеттердің бірі ретінде  шығармашылық тұрғыдан бәсекелестікке сай үш тілді жетік меңгерген, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны оқытып-тәрбиелеу деп атап көрсеткені белгілі. Олай болса, бұл ретте оқытуда диалогтік оқытуды, оның ішінде Мернердің зерттеушілік әңгіме түрін тиімді пайдалану, сол арқылы тіл үйренушіні жан-жақты жетілдіру  заман талабынан туындап отыр.

Айдана МАХАМБЕТ,

облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!