Сүйікті ісіңмен айналысу – бақыт, ал сол іске бүкіл болмысыңмен,
жүрегіңмен ғашық болу – нағыз өнер. Бүгінгі кейіпкеріміз – тағдыр жолын білім
беру ісімен тоғыстырған, «Symba school» жобасының негізін қалаушы Сымбат Паяева.
Ол ұстаздықты тек кәсіп емес, үлкен бір отбасы ретінде қалыптастыра білген жан.
Ағылшын тілінің шексіз мүмкіндіктерін игеріп, Түркістан өңірінде TEDx жобасын
дүниеге әкелген, уақыттың әр минутын бағалап, экоактивизмді өмірлік ұстанымына
айналдырған Сымбаттың әрбір сөзінен еліне, жеріне деген шексіз махаббат пен
жалын еседі. «Mugalim» жобасының аясында өткен семинарда Сымбат Паяевамен
сұхбаттасуға мүмкіндік туды.
–
Сымбат, «Symba School» жоба сының негізін қалау идеясы қалай туды?
Бұл білім беру бағдарламасы өзгелерден несімен ерекшеленеді?
– Есімді білгелі ізденісте болдым, тіпті бір кезеңдерде бағытымнан
адасқандай күй кештім. Немен айналысарымды білмей жүрген едім. Екі оқушыға
сабақ бере бастадым. Сол кезде бойымда ерекше бір құлшыныс оянды. Шәкірттерімнің
алғашқы нәтижелерін көргенде, жүрегімді мақтаныш пен қуаныш кернеді. Кейін
үшінші, төртінші студент келді… Ұстаздыққа деген махаббатым арта түсті. Шыны
керек, мені ақша емес, білім беру барысы мен одан нәтиже алу қызықтырды.
«Ұстаздық деген неткен әдемі?» деген ой мені «Symba School» жобасын ашуға
жетеледі. Біздің басты ерекшелігіміз – шынайы лық. Мен оқушыларым арасында
зерттеу жүргізіп, «біздің жобаның өзгешелігі неде?» деп сұрағанымда, олар «сіз
бәрін шын жүрекпен істейсіз, бізді баурап аласыз» деп жауап берді. Жаңа ғана
өзіңіз көрген Інжу есімді студентім небәрі үш ай ғана оқыса да, отбасымыздың
бір мүшесі атанды. Мен әр шәкіртімді шексіз жақсы көремін. Олар курсты аяқтаса
да, біздің қарымқатынасымыз үзілмейді. Бірге таңғы ас ішеміз, мерекелерді
тойлаймыз, алыс сапардан күтіп аламыз. Бізде «Symba’s Family» атты үлкен,
ұйымшыл отбасы қалыптасқан.
–
Сіздің алғашқы мамандығыңыз – экономист. Дегенмен тағдырыңызды
ұстаз дықпен байланыстыруға не түрткі болды?
– Бала кезімнен білімге құштар болдым. Айналамдағы балаларға, інілеріме
сабақ түсіндіргенді жақсы көрдім. Шыны керек, менің отбасымда білім саласының
адамдары жоқ, бәрі – мемлекеттік қызметкер. Бастапқыда олар менің мұғалім
болғым келетініне күмәнмен қарады. Бірақ мен бұл істі сүйетінімді дәлелдедім.
Отбасым «жүрегің қаласа, істе» деп батасын берді. Мен күніне небәрі 3 сағат
ұйықтасам да, энергияға толымын. Өйткені өз ісіне ғашық адам шаршамайды.
Ата-анам мамандығыма махаббатты көргенде, таңдауымның дұрыстығына көз жеткізді.
–
Бізде «тіл білу шексіз мүмкіндіктер есігін ашады» деген тенденция
бар. Бұр расында солай ма? Ағылшын тілі сіздің өміріңізге қандай өзгеріс
әкелді?
– Мектеп қабырғасында жүргенде ағылшын тілінен олимпиадаларға қатысып,
халықаралық жобаларда бағымды сынадым. Облыстық деңгейде бірінші орынды ешкімге
бермейтінмін. Бірақ ҰБТда жолым болмай, грантқа түсе алмадым. Сыныптағы 17
оқушының 15і грант иегері атанғанда, сырт қалған екеудің бірі мен едім. Әкем
менің білімге деген құштарлығымды қолдап, ақылы негізде КИМЭПке оқуға түсірді.
Кейін «Болашақ» бағдарламасына тапсыру үшін TOEFL керек екенін білдім. Ол кезде
IELTS немесе TOEFL туралы ұғымым мүлдем болмаған, тек мектепте алған біліміме
сендім. Сол базаның арқасында алғашқыда 5.5 көрсеткішіне тең нәтиже көрсеттім.
Ағылшын тілі маған «Болашақпен» оқуға, TEDx конференцияларын ұйымдастыруға және
жеке бизнесімді ашуда үлкен көмек берді.
–
Сіз тек ағылшын тілімен шектелмей, басқа да тілдерді меңгеруге
асықсыз. Бұл құштарлықтың сыры неде?
– Тіл – тұтас бір мәдениет. Маған өзге халықтардың дүниетанымымен танысқан
ұнайды. Әрбір жаңа адам мен үшін – жаңа ғаламшар. Мысалы Сауд Арабиясында
тұратын қызбен тілдескенде, мен сол елдің болмысына бір қадам жақындай түсемін.
Тіл білу арқылы мен әлемді кеңірек танимын.
– Сіз Қазақстандағы алғаш сертификатталған TEDxті өткіздіңіз. Оны
ұйымдастыру – үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Бұл жобаны қолға алуға не түрткі
болды?
– Бұл – ең алдымен, менің туған өлкеме деген махаббатым. Жасыратыны жоқ,
Түркістан өңірінде білім саласы әлі де дамуды қажет етеді. Адамдары өте
мейірімді болғанымен, заманауи білім тенденциясынан қалыс қалып жатады. «Осы
жоба арқылы халқыма не бере аламын?» деген сұрақ мені мазалады. TEDxті алып
келудегі мақсатым – жұртшылықтың көкжиегін кеңейту. Екінші себеп – менің 89
волонтер шәкіртім. Олар осындай ауқымды шараның қалай жасалатынын өз көзімен
көріп, тәжірибе жинағанын қаладым.
– T
EDx лицензиясын алу оңай емес, әсіресе спикерлерді таңдауда қатаң
талаптар бар. Сіз спикерлерді қандай критерийлер бойынша іріктедіңіз?
– Мен үшін ең басты критерий – спикердің өз еліне деген шынайы патриоттығы.
Егер адам өз ұлтын сүймесе, ол өзгеге пайда әкеле алмайды. Спикерлерді өте ұзақ
әрі мұқият таңдадым. Алғашқылары – білім саласының майталмандары болды. Олар
Ұлытау университетінің вице-ректоры Күлтай Әділова, саяхатшы, журналист Өркен
Кенжебек, халық аралық білім беру саласынын сарапшы маманы Алия Оспанова. Олардың
қоғамға қосқан үлесіне, қазақ тілінде ойын қаншалықты терең жеткізе ала
тынына баса назар аудардым. Жастарға берер мотивациясы мен құндылығы басым
тұлғаларды іздедім.
–
TEDx, ұстаздық, экобелсенділік, марафон… Осының бәріне қалай
үлгересіз? Уақытты басқарудың құпиясы бар ма?
– Менде үш дәптер бар. Біріншісі – бір жылдық мақсаттарға, екіншісі – үш
айлық жоспарларға, ал үшіншісі – күнделікті өмірге арналған. Әрбір ісімді
минутына дейін есептеп жазып қоямын. Егер уақытты тізгіндемесек, әлеуметтік желінің
шырмауында қалай уақыт өткенін байқамай қаламыз. Біз үшін ең қымбат дүние –
денсаулық пен уақыт. Уақытымды босқа өткізуден қорқамын, сондықтан әр сәтімді
жоспар бойынша бағалаймын.
–
Сіз экобелсенді ретінде де танымалсыз. Қазіргі таңда экологиялық
акциялардың көбі тек есеп беру үшін жасалатыны жасырын емес. Нағыз экоқоғам
қалыптастыру үшін жастар не істеуі керек?
– Экосана әр адамның өзінен басталуы тиіс. Экоактивизм мен Америкада жүрген
кезде басталды. Мұндағы адамдар суды да үнемдеуге тырысады. Олар экога емес,
маған құрмет көрсететін. Әрине, мемлекет тарапынан үлкен қолдау мен жүйелі
жұмыс керек. Бірақ мемлекеттік органдармен жұмыс істеу кейде қиын, өйткені
көзқарастарымыз әртүрлі. Биыл «Республика» партиясы мені өздеріне шақырып:
«Адамдар сізді нағыз экобелсенді ретінде таниды, алғашқы ағашты сіз егіңізші»,
– деді. Сол кезде түсінгенім – жеке адамның үлгісі – үлкен күш табады. Егер мен
пластик қолданбасам, маған қарап мыңдаған шәкіртім де солай істейді.
– Қазіргі жастарға айтар ақыл кеңесіңіз…
– Мен табиғатымнан оптимистпін және қазіргі жастарды зияткер деп санаймын.
Бүгінгі семинарда мені олардың алғырлығы қатты таңғалдырды. Бірақ жастар тек
ақылды болып қана қоймай, ішкі құндылықтарға бай болуы керек. Егер біз
жастардың бойына біліммен қатар патриоттық сезімді, адалдық пен адамгершілікті
сіңіре алсақ, Қазақстанда жай ғана «prime time» емес, тұтас бір «алтын дәуір»
орнайды. Жастардың болашағы жарқын екеніне кәміл сенемін!
– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Мерей Шәкрат