Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылым департаментінің директоры, доцент, география ғылымдарының кандидаты, ұстаз-ғалым, публицист-жазушы Қали Омаровтың 60 жасқа толу мерейтойына орай салтанатты Ғылыми Кеңес өтті.

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, университеттің Ғылыми Кеңес мүшелері қатысып, Қали Әбдіұлының ғылым мен білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Ғибратқа толы ғұмырыңызда өзіндік пайым-парасатыңыз, жоғары потенциалыңызбен еліміздегі білім беру саласының дамуына зор үлес қосып келесіз. Сіздің бастамаларыңызбен білім және ғылым саласында ғана емес, руханият, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Сыр еліндегі білім мен ғылымның ордасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде отыз жылға жуық уақыт еңбек ету барысында жарқын болашаққа жол ашатын маңызды жобалардың жүзеге асуына ықпал еттіңіз, – деді Ғылыми Кеңес төрағасының орынбасары, Басқарма Төрағасы – Ректордың кеңесшісі Абайбек Жүнісов.

Шарада Қали Әбдіұлына ҚР Білім және ғылым министрлігінің құттықтауы табысталып, облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасымен  марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Жазушылар одағы, ҚР Журналистер одағы, Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтынан, өзі түлеп ұшқан Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультеті және де тағы басқа әріптес ұйымдардан құттықтау хат келді.

Қали Омаров – Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің ұлттық  рейтингтерде жоғары орындардан көрінуіне,  ғылыми және кадрлық әлеуетін заман талабына сай нығайту ісіне  лайықты еңбегін сіңірген білікті ұйымдастырушы. 

1993 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінде еңбек етіп келеді. Әр жылдары оқытушы, аға оқытушы, доцент, академиялық профессор, профессор міндетін атқарушы болған.

2002 жылы су ресурстары, гидрохимия, құрлық гидрологиясы бағыттарындағы көпжылғы ғылыми ізденістерін қорытындылап, Алматы қаласындағы География институтында кандидаттық диссертациясын қорғады. Аталған бағыттар бойынша 40-тан астам ғылыми, әдістемелік еңбектің авторы. 2004 жылы ҚР БҒМ Жоғары аттестациялық комитетінің шешімімен география мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.

2003-2020 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің ғылыми қызметін және ЖОО кейінгі білімді  ұйымдастыру саласында бірқатар лауазымдық қызметтерді (бөлім бастығы, басқарма басшысы, департамент директоры,  проректор, ҒЗИ директоры) атқарды. Бүгінде ғылым департаментінің директоры.

Қали Әбдіұлы мемлекеттік «Мәдени мұра», «Тарих толқынындағы халық», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», аймақтың индустриалды-инновациялық даму т.б. бағдарламаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді.

Қызылорда облысы көлемінде өткізілген көптеген халықаралық, республикалық ғылыми  конференцияның жоғары ғылыми және әдістемелік деңгейін қамтамасыз етіп, сапалы ұйымдастырылуына елеулі үлесін қосты. Бірнеше республикалық журналдардың редакция алқасының мүшесі. Сыр өңірі ғылымы мен білімінің тарихын, еліміздің тұтастығы мен азаттығы жолында күрескен тұлғалардың азаматтық істерін зерттеп,  жарыққа шығарып, сондай-ақ, баспасөз беттерінде тұлғатану, отаншылдық  пен мемлекеттік тілді дамыту мәселелелерін көтеріп жүрген  қарымды қаламгер. Бұл бағытта 4 кітабы, 150-ден астам ғылыми, танымдық, публицистикалық мақалалары, очерктері мен эсселері халықаралық және республикалық газеттер мен журналдарда, ғылыми жинақтар мен энциклопедияларда  жарық көрген.  Оның есімі кітаптар, жинақтар, ғылыми-танымдық басылымдардың құрастырушысы және редакторы  ретінде де көпшілікке танымал. Ол 12 кітаптың құрастырушысы, 60-тан астам кітап пен ғылыми жинақтың  редакторы.

Өңірдің ғылымы, білімі және рухани саласында өзіндік қолтаңбасы бар азамат Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының толық мүшесі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының  академиялық кеңесшісі болып табылады.

Осы кезге дейінМемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Президентінің Алғысы, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының Алғыс хаты, ҚР БҒМ «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы және Алғыстары, Қызылорда облысы әкімінің Алғысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының «Қазақстанның құрметті инженері» төсбелгісі және Құрмет грамотасы, ҚР ЖОО Қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы Алтын медалі,  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш медалі, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медаль және университеттің Қорқыт ата атындағы Алтын медалімен марапатталған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы