12 шілде, жексенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Елдің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы +43 градусқа дейін көтеріліп, кейбір облыстарда шаңды дауыл, найзағай және қатты жел күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, Астанада күн ала бұлтты болады, жауын-шашын күтілмейді. Түнде ауа температурасы +18…+20°C, күндіз +35…+37°C. Желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр.
Алматыда да құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады. Түнде +20…+22°C, күндіз +34…+36°C болады.
Ең ыстық қалалардың бірі Шымкент болмақ. Мұнда ауа температурасы +39…+41°C-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашын күтілмейді, алайда желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Ақтауда жауын-шашынсыз, аз бұлтты ауа райы болжанып отыр. Кей жерлерде тұман түсуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +32…+34°C болады.
Елдің батыс өңірлерінде кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтөбеде күндіз +35…+37°C болады, өткінші жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15 метрге дейін күшеюі мүмкін. Оралда да жаңбыр, найзағай және желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді.
Атырауда жауын-шашын күтілмейді. Күндіз ауа температурасы +33…+35°C-қа дейін көтеріліп, желдің екпіні секундына 15–18 метрге жетеді.
Елдің орталығында Жезқазғанда ауа температурасы +39°C-қа дейін, Қарағандыда +30…+32°C болады. Көкшетауда күндіз +32…+34°C, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Қонаевта аптап ыстық болып, ауа температурасы +40…+42°C-қа дейін көтеріледі.
Қостанайда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Соған қарамастан күндіз ауа температурасы +37°C-қа дейін жетеді.
Ең жоғары температура Қызылордада тіркеледі. Мұнда күндіз ауа +43°C-қа дейін ысиды. Синоптиктер шаңды дауыл мен желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшеюі мүмкін екенін ескертті.
Елдің солтүстігіндегі Павлодарда күндіз +30…+32°C болады, жауын-шашын күтілмейді. Ал Петропавлда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Семейде күндіз ауа температурасы салыстырмалы түрде төмен болып, +27…+29°C шамасында болады. Жауын-шашын күтілмейді, бірақ желдің қатты күшеюі мүмкін.
Талдықорғанда күндіз +35…+37°C, Таразда +38°C болады.
Түркістанда аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +42°C-қа дейін көтеріледі. Сонымен қатар шаңды дауыл тұрып, қатты жел соғады.
Өскеменде жауын-шашын күтілмейді. Күндіз ауа температурасы +30…+32°C болады. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
