Багам аралдарында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, салдарынан 10 адам – тоғыз жолаушы мен ұшқыш қаза тапты. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Flamingo Air әуе компаниясына тиесілі Cessna 402 ұшағы Нассау маңындағы Линден Пиндлинг атындағы халықаралық әуежайдан Сан-Андрос әуежайына бағыт алған. Әуе оқиғаларын тергеу басқармасының мәліметінше, қонуға аз уақыт қалғанда ұшақта техникалық ақау туындап, ол бұталы жерге құлаған.

Апат Багам аралдарының тәуелсіздігінің 53 жылдығы тойланып жатқан күні болды. Елдің премьер-министрі Филип Дэвис бұл оқиғаны ұлттық трагедия деп атады.

Алғашында апаттан бір адамның аман қалғаны хабарланған еді. Алайда кейін билік өкілдері оның ауруханада көз жұмғанын растады.

Оқиғадан кейін Азаматтық авиация министрлігі қауіпсіздік мақсатында Flamingo Air әуе компаниясының әуе тасымалын жүзеге асыру сертификатының күшін уақытша тоқтатты. Ведомство бұл шешімнің жазалау шарасы емес, алдын алу мақсатында қабылданғанын мәлімдеді.

Авиация министрі ДжоБет Колби-Дэвистің айтуынша, сол күні Flamingo Air компаниясының тағы бір ұшағы техникалық ақауға байланысты Нассауға кері оралуға мәжбүр болған. Жолаушылар түсірілгеннен кейін әуе кемесінің бортында өрт шыққан.

Өз кезегінде Flamingo Air компаниясы оқиғаға қатысты барлық қажетті ақпаратты жинап жатқанын және тергеу жүргізіп жатқан құзырлы органдармен толық ынтымақтастық орнатып отырғанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!