«Дарын» ғылыми-практикалық орталы­ғы өткізген республикалық жобалар бай­қауы­нан қызылордалық зияткерлер жүлде­лі оралды. Жобалар арасында үздік деп та­нылған Арайлым Анарбекқызының элек­тронды «кітап сөресі» оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында жасалған. Әдеби сайттың авторы бізге жо­ба­ның артықшылықтары жайлы кеңінен айтып берді.

Алдымен, байқау барысына тоқталсақ. Шымкент қаласында ұйымдастырылған ең ауқымды білім додасына республика бойынша 800-ге жуық оқушы ғылыми жұмысын ұсынған. Жаратылыстану-математикалық бағытта 389 жоба таныстырылса, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 208 авторлық еңбек қорғалған. Сыр бойындағы NIS-тен байқауға 9-сынып оқушысы Арайлым Әшірмет, 12-сынып оқушылары Нұрай Өмірзақова мен Зарина Айсауытова  қатысып, жас ғалымдар тілтаным, өндіріс және өлкетану салалары бойынша әділқазылардың жоғары бағасын алды.

Қазіргі қоғамда жастардың кітапқа деген қызығушылығының азаюы ‒ басты мәселенің бірі. Кітапты заман талабына сай әртүрлі нұсқада ұсыну осы мәселені шешудің тиімді тәсілі екені рас. Осыны ескерген Арайлым бұл жобаны өткен жылдан бастап қолға алған. Жоба идеясы мен оның құрастырылу барысын кейіпкеріміз келесідей әңгімеледі:

‒ Элективті курс кезінде лонгрид деген жаңа форматпен таныстық. Сол кезде лонгрид терминіне деген ерекше қызығу­шы­лық пайда болып, әртүрлі әңгімелер, кітаптар жайлы лонгридтер жасай бастадым. Лонгрид ‒ ауқымды мәтіндерді интернет желісінде қызықты етіп берудің жаңа жолы. Менің лонгридтерім сайтта интерактивті, яғни визуалды форматта берілді. Өйткені жасөспірімдер интернетті ақпаратты жылдам алу үшін пайдаланады, ал лонгрид визуалды форматта болған соң қолдануға тиімді бола түседі. Сайттың басты артық­шылығы ‒ барлық адамға қолжетім­ділігінде, яғни қолданушыдан тіркелуді қажет етпейді. Жасқа да ешқандай шектеу жоқ. Лонгридтер автор және кітап жайлы мәлімет, кітаптың экранизациясы, автордың басқа кітаптары туралы ақпарат беретін төрт-бес бөліктен тұрады. Платформада әзірге он бес кітап бар. Олар жыл басында оқушылар арасында талқыланып, таңдалған. Кітап санын жыл соңына дейін көбейту ойымызда бар.Сайт қазақ әдебиеті, орыс және шетел әдебиеті сынды үш рубрикадан тұрады. Қазақ әдебиеті бойынша Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы, Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» шығармасы таңдалған, ‒ дейді Арайлым.

Айта кетейік, Арайлым бұл жобасын жетекшісі Айгүл Абуовамен бірге құрастырған. Тың идеясын ұсынған оның өніміне әділқазылар тарапынан сайтта пікір жазатын орын дайындау жөнінде ұсыныс беріліпті.

‒ Сайыстың шешуші кезеңінде барлық қатысушылар жұмыстарын арнайы көрмеге қойып, келушілерге таныстырды. Біз жобаларды көрме барысында жеке-жеке қорғадық. Бұл мұғалімдер мен оқушыларға жобамызды кеңінен түсіндіруге мүмкіндік берді. Мен қатысқан секцияда өзіндік ерекшелігі бар үздік 19 жоба қорғалды, ‒ дейді байқау жеңімпазы.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!