Биыл облыстық тілдерді оқыту орталығы 2500 адамға үш тілді тегін үйретеді. Атап айтсақ, қазақ тілі – 1008, ағылшын – 828, орыс тілі -648 адамға оқыту жоспарланған.Қазіргі таңда, 330 тыңдаушы тіл үйрену курстарын оқып жатыр.

35 маман жұмыс істейтін орталыққа мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік емес ұйым өкілдері көптеп жүгінеді. Осында санаулы ай білімін жетілдіріп, курс соңында сертификат алып шығады. Айта кететін жайт, бұл оқу курстарының барлығы келушілерге тегін түрде үйретіледі. Мұнда, мемлекеттік тілді оқыту 100 сағатқа жоспарланса, ағылшын және орыс тілі курстары 72 сағатты құрайды. Ескерте кететін жайт, оқыту курсы тек ересек адамдарға арналған.

«Еліміз карантиндік режимге ауысқан тұста біз онлайн форматта жұмыс істедік. Мамандарымыз қашықтан оқыту жүйесіне арналған kzordatil.kz интернет порталын жасақтады. Үш тілдегі деңгейлік оқыту курстарының барлық сабақтарын порталға орналастырдық. Сөйтіп, тіл курстары онлайн форматқа ауыстырылды. Бүгінде порталымыз тіл үйренушінің уақыты мен мүмкіндігіне сәйкес қолжетімді әрі тиімді ресурс ретінде қолданылуда», – деді облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Ләззат Ортаева.

Өңірде ағылшын тілін үйренуге сұраныс жоғары екен. Ал аудандық жерлерде орыс тілін меңгергісі келетіндер көп. Көбісі іс-қағаз және құжаттарға байланысты сауаттылығын арттырмақ ниетте. Курсқа қатысушы өзіне тиімді офлайн немесе онлайн форматты таңдай алады.