Бұл медициналық орталық енді мектептермен жұмыс істемейді.

Ақтөбеде манту орнына туберкулезге қарсы екпе салынған оқушылар сауықтыру орындарында емделетін болды. Балалардың ата-анасымен кездескен денсаулық сақтау министрі осындай уәде берді, деп хабарлайды Stan.kz.

Екі ай бұрын Рауан ауылындағы мектептің бірінші сынып оқушыларының білегі жаппай іріңдеп кеткен. Жеке медициналық орталықтың мамандары мантудың орнына білекке БЦЖ екпесін салған.

Әріптестерінің қателік жібергенін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятың өзі растап отыр. Еліміздің бас дәрігері осы уақытқа дейін күн сайын сол 42 баланың денсаулығын алыста отырып қадағаладым дейді. Дәрігерлердің бұл қателігін арнайы комиссия тексеріп, қорытындысы дайын болған.

Мектеп оқушыларына екпе салуды мойнына алған медициналық орталықтың кемшілігі де көп екен. Қарапайым санитарлық талап сақталмаған. Қазір комиссияның қортындысын құқық қорғау органдарына тапсырған. Енді кінәліні жазалау солардың құзырында деді денсаулық сақтау министрі. 

“Комиссия вакцина еккен жеке емханадан санитарлық талапқа қатысты заңсыздықты анықтады. Барлық құжатты құқық қорғау органдарына бердік. Бұл медициналық орталық енді мектептермен жұмыс істемейді. Ал балаларды біздің мамандар әрдайым бақылауда ұстайды. Оқушыларды сауықтыруға жіберуді ата-аналар сұрады. Курорт, шипажайларға жіберуге көмек береміз”, –дейді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.