2018 жылы облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы негізінде «Сыр дарыны» академиясы құрылған болатын. Бүгінде академия жас жеткіншектердің талабын ұштап, талантын жетілдіріп

келеді.

Оқушылар республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Мұның барлығы ұстаздар қауымының ерен еңбегі десек қателеспейміз. Себебі академияда жұмыс жүйеленген, «облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы» мен «Қамбаш» сауықтыру және қосымша білім беру орталықтарын­да оқыту жүргізіледі.

 Академия Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға күш салады. Дарынды оқушылардың инновациялық технологияларды жүйелі қолдануы, жан-жақты болуы назарда. Оқушылар ғылыми жоба қорғау ісіне араласып, интеллектуалды, шығармашылық сайыстарға қатысып, күрделенген тапсырмаларды өздігінен орындау арқылы коммуникативті-ақпараттық дағдыларын дамытады.

Мұнда оқыту қазақ және орыс тілдерінде 5 пән негізінде жүргізіледі. Академияға жалпы білім беру ұйымдарының 8-9 сынып оқушылары қатысады. Академия 4 кезеңнен тұрады. Әр кезең қорытындысында оқушыларға диплом мен номинациялар табысталып тұрады. Академияның бірінші кезеңі өткен жылы,16-21 тамызы аралығында өтті. №9, №10 дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының үздік мұғалімдері онлайн форматта оқу курстарын жүргізді. Курсқа облыс бойынша 100 оқушы қатысып, олимпиадаға дайындық шараларынан өтті. Бірінші кезеңде емтихан нәтижелері бойынша дипломдар, алғыс хаттар мен номинациялар берілді. Екінші кезең өткен жылы №9, №10 дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаттары базасында офлайн түрде ұйымдастырылды. Оқыту курстарын ТОО «delight Academy» оқытушылары мен халықаралық олимпиада жүлдегерлері болған мұғалімдер өткізді.

Екінші кезеңдегі оқыту курсына 100 оқушы қатысып, аудандардан келген 36 оқушы «Өркениет» жатақханасында орналасты. Күнделікті дайындық курстарынан соң «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы «Қабілет» бөлімінің педагог-психологтары оқушыларға кешкі  психологиялық сергіту тренингтерін жүргізді.

Оқыту курсын аяқтаған оқушыларды марапаттау шарасы өткізілді.

«Сыр Дарыны» академиясы әр тоқсан сайын өз жұмысын жалғастырады.

Г.ТАШЕНОВА,

«Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының  бөлім меңгерушісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!