Фото: ашық дереккөзден

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мектепке хиджабпен бару дауына қатысты пікір білдірді. Сөзінше білім ордасында бекітілген стандарт ақталуы тиіс, деп хабарлайды Uaqyt.info.

«Бұл мәселе жөнінде алуан түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, Конституциямызда, басқа заңдарымызда анық көрсетілген. Ата заңымыз дін бостандығына шектеу қоймайды, өзінің діни рәсімдерін жасаймын деушілерге кедергі жоқ. Алайда мектептерді саяси бағыттар мен діни ағымдар ордасына айналдыруға болмайды. Сондықтан біз балаларды немесе оқытушыларды басқа мәселеге алаңдатпауымыз қажет деп ойлаймын. Және министрліктің заң бойынша қандай форма киетіні туралы стандарттары бар ғой. Сол стандарттарды да ұстануымыз керек», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, ол мектеп – білім ордасы екенін, онда білім берілуі керектігін баса айтты. Әрі бұл тыйымның адамның конституциялық құқығын еш бұзбайтынын, балалар кәмелеттік жасқа толғанда қандай жолмен жүретінін өздері таңдайтынын айтты.

Мәжіліс төрағасы домбыра мәселесіне де пікір білдірді. Сөзінше ұлттық аспапты «харам» дегендердің әрекетіне тиым салынуы тиіс.

«Бүгін де депутатымыз «домбыра – харам» деген әңгімеге қатысты сауал жолдады. Сонда біздің ғасырлар бойы қолына домбыра ұстаған бабаларымыз күнәһар болғаны ма? Теріс діни ағымда жүрген, заңға қайшы әрекет етіп жүргендерге әрине заң жүзінде тыйым салуымыз керек», – деді Мәжіліс төрағасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!