Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы Ұлан ауданындағы мектепте оқулық тапшылығы туындағаны туралы тарап жатқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Ұлан ауданы Алмасай ауылындағы мектепте оқулық тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады. Онда бастауыш сыныптарға арналған оқулықтардың аздығы, кітаптардың тек көпбалалы отбасыларға ғана берілетіні, қалғандары өз бетімен сатып алуға мәжбүр болып жатқаны туралы жазылған.

Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы ресми мәлімдеме жасады. Басқарма мамандары аталмыш факті бойынша тексеру жүргізген. «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ұлан ауданындағы жалпы білім беретін мектептердің кітапхана қорында бірінші сынып оқушыларына арналған қазақ тілінде оқытатын 378 дана оқулық бар. Жаңа 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 351 оқушы қабылданады деп жоспарлануда. Барлық бірінші сынып оқушылары 100% оқулықпен қамтамасыз етіледі», – делінген ақпаратта.