Фото: qaz365.kz

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев Оралдағы мектепте қатарластары буллинг жасаған жасөспірімнің ата-анасымен сөйлесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

13 қараша күні Оралдағы №38 мектептің әжетханасында 9-сынып оқушысы сегізінші сынып оқушысының бетінен ұрып, үшінші жасөспірім оны видеоға түсіріп алған. Видео әлеуметтік желіде пайда болды. Видеоны көрген ата-анасы баласымен сөйлесіп, жасөспірімнің олардың тарапынан жиі буллингке ұшырайтынын анықтаған. Жасөспірімнің анасы Назгүл Дауылбаева министрге болған оқиғаның мән-жайын айтып берді. 

«Ол сабақтан жиі қалатын. Іші ауырып тұрғанын айтатын. Бір күні бетінде ісік пайда болды. Оны есікке соғып алғанын айтты. Бірақ кейіннен мектепте оны үнемі соққыға жығатынын білдік. Сол кезде балам ешкімге айтпауды өтінді. Әлгі балалар оны өлтіреміз деп қорқытқан екен. Балам мұғалімдер мен мектеп басшылығының жағдайдан хабардар екенін, бірақ ештеңе істемейтінін айтты», – деді оқушының анасы.

Әйелдің айтуынша, мектеп әкімшілігі мен полицияға хабарласқан. Алайда олар өзіміз жауап береміз деп, сол күйі хабарсыз кеткен. Ата-ана мұғалімдерден де, полициядан да ешқандай шара болмаған соң қалалық білім бөліміне хабарласқан. Алайда олар бұл жағдайдан мүлдем бейхабар болып шыққан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!