2025 жылға қарай мектептегі орын тапшылығы шамамен 500 мыңды құрауы мүмкін. Бұл туралы сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министр Әлихан Смайловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, қазір елімізде 7500 мектеп болса, оның 169-ы үш ауысымды, 5068-і екі ауысымды мектеп. Мәселені шешу үшін мектеп құрылысына тартылған инвесторларға жұмыс жағдайын жасау маңызды.

«Біріншіден, әлі де болса мемлекеттен бала басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін көбейту керек. Екіншіден, үлкен сыйымдылықты мектеп салатын инвесторларға жерді тегін беріп, мектеп салатын жерлерге коммуникация жеткізу мәселесін шешу қажет. Үшіншіден, мектеп мәселесі түбегейлі шешілгенге дейін банктерден жеңілдетілген несие берудің тетігін қарастыру қажет. Айтылған осы ұсыныстар инвесторларды ақылы түрде емес, тегін оқытатын мектептер салуға мүдделі ететіні сөзсіз», – деді М. Бақтиярұлы Сенаттың жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, бүгінде еліміздегі 378 жекеменшік мектепте 7900 мұғалім жұмыс істеп, 144 мың оқушы білім алып жатыр. Алайда, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне қарамастан, мемлекеттік және жекеменшік оқу орындары арасында кейбір құқықтық теңсіздікке жол берілген.

«Мысалы, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Білім алушыларды «жалпы білім беру» қоры аясында оқулықтармен, сондай-ақ тамақпен, киіммен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету тек мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін ғана көзделген, жеке мектептерге берілмейді. Сонымен қатар, бюджеттік Біліктіліктің 221 және 222 бағдарламаларында кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауды жүргізу тек мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін көзделген. Осыған байланысты аталған мәселелерді реттеу үшін «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу қажет», – деп түйіндеді сөзін сенатор.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!