Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге сағат саны бойынша ақы төлеу жүйесінен кету мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, дүние жүзіндегі бүкіл білім беру жүйелері сағатқа бағыттап емес, оклад жүйесі бойынша жұмыс істейді.

“Сағат саны бойынша жұмыс істейтін бірнеше мемлекет қана қалды. Сондықтан бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Бірақ Қазақстанда осы сіз айтқан жүйеге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Көшіп жатырмыз деп біз әлі айта алмаймыз. Жалпы, бұл мәселе қазір зерттеліп, зерделеніп жатыр. Сондықтан шешім тек қана осы зерттеулердің негізінде қабылданады», – деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Ведомство басшысы бұл мәселенің талайдан бері көтеріліп келе жатқанын еске салды.

«Жасыруға болмайды, бірнеше жылдан бері түрлі сарапшылар, әртүрлі халықаралық және өзіміздің ғалымдар ұсыныс айтып жатыр. Дегенмен, бұл мәселені талқылау керек. Өйткені білім жүйесінде тез, шапшаң ойланбай шешім қабылдауға болмайды. Талқыланып, тиісті шешім шыққанда қосымша хабарлаймыз»,  – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!