Адам баласы дүниеге келгеннен бастап өмірді танып, білуге ұмтылады. Онсыз өмірді толық әрі қанық сүру әсте мүмкін емес. Мінекей, осы сәттен бастап «Ұстаз» ұғымы қалыптаса бастайды. Адам өз білгенімен бөлісуі, ұрпағына үйретуі тиіс. Демек, ұстаздық қасиет мінезбен қалыптасқан ілім. Ұстаз бен мұғалім ұғымдары қатарлас, мағыналас. Мақсаты – ілім, білім, тәрбие беру.

Қазіргі заман мұғалімі бұрынғы мұғалім­дерден ерен ерекше деп айтуға болмас. Мақсат пен мүдде өзгермейді. Қай кезде де мұғалім, ұстаз білімімен, болмыс, бітімімен  үлгі және осы киелі  ұғымға кір келтірмеуге тиіс. Киелі деп айтуға толық құқылымыз, себебі, қай ел, қай заманда болсын  ілімді адамға және сол ілімді таратушыға құрмет көрсеткен. Сондықтан ұстаздық  – бойға қанмен сіңген игі қасиет болуы тиіс. Ұстазды заманына қарай ерекшелендіретін жайт тек жинақталған білімнің өзі, даму сатысы.

Бүгінгі әлем ақпараттарына айналған заманда қарттан еңбектеген балаға дейін күнделікті қажетті ақпаратты орталықтандырылған әлеуметтік желіден ала алады. Бүкіл ғалам біртұтас желіге айналғандай. Ықылым замандардан жинақталып келген тәжірибе, ғылым, білім дайын күйде оқырманына жол табады. Ақпарат көзіне есеп жоқ. Оның ішінде жаманы, жақсысы, пайдалысы, зияндысы шиеленісіп жатыр. Сараптаушы тек адамның өзі. Міне, осы орайда ұстаздың, мұғалімнің рөлін басып айтуға болады. Мұғалім тек қана білім беруші ғана емес, дұрыс жолды бұрысынан айыра білуші, тиісті бағыт-бағдар беруші. Кез келген ақпаратты мақтадай сіңіруші жас буынға дұрыс ілім беріп, жол көрсететін, мәнсізден мәндіні саралап көрсететін, қажетті ақпаратты нұсқаушы – осы мұғалім.

Қазіргі педагогтарға талаптар өте көп. Заманауи, коммуникативті, үш тілді меңгерген, жан-жақты білімді, технологияларға икемді,  жаңа әдіс-тәсілдерді тез игеруші, сонымен бірге шәкіртжанды, мейірімді, стресске төзімді, сабырлы т.с.с. адами қасиеттерін жоғалтпауы тиіс.  Бір ғана маман иесіне қаншама талаптар қойылып отыр. Ал егер жай ғана адами тұрғыда қарайтын болсақ, жоғарыда келтірілген талаптардан бөлек, мұғалім ең бірінші адам, ата-ана, отбасылы жан екендігін ұмытпауымыз қажет.

Тәрбиеші бір мұғалім ғана емес, негізгісі ата-ана екендігін ұмытпаған жөн. Қазіргі таңда үйдегі тәрбие кілті баланың өз қолына, яғни әлеуметтік желіге беріліп қойған отбасылар көп. Ұялы телефон, смартфон жаулап алғанын мойындаймыз. Демек, баланы қажетсіз ақпараттан қорғау, тәрбиесін қолдан жібермеу еңбекке баулу, білімін дұрыс толықтыру – екі жақты талапты қажет ететін жұмыс.

Темірлан МЕШІТБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!