фото: pixabay.com
Қазақстанда AI-университет ашылмақ. Енді жасанды интеллектті тек қолданбай, оны дамытатын кадрлар дайындалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстанда жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін құру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған және елдің технологиялық дамуына бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастырылып отыр.
Министрлік мәліметінше, болашақ университеттің моделі бір күнде қалыптаспайды – жоба кезең-кезеңімен, жан-жақты пысықталып жатыр. Қазірдің өзінде ұйымдастырушылық, академиялық, қаржылық және инфрақұрылымдық бағыттар бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Халықаралық тәжірибе және серіктестік
Жаңа оқу орны әлемдік деңгейдегі университеттердің тәжірибесіне сүйеніп құрылмақ. Атап айтқанда, жоба аясында Carnegie Mellon University, Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence, Northeastern University, Hong Kong University of Science and Technology, China University of Political Science and Law және Seoul Cyber University сынды жетекші оқу орындарымен серіктестік мәселелері қарастырылып жатыр.
Бұл университеттердің тәжірибесі Қазақстандағы жаңа білім ордасының академиялық құрылымы мен ғылыми бағытын қалыптастыруда маңызды рөл атқармақ.
Қашан ашылады?
Министрлік жоспарына сәйкес, жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосылады. Оқу процесі Астанадағы EXPO аумағында орналасқан “Нұр Әлем” кешеніндегі Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында ұйымдастырылады. Ал университеттің толыққанды жұмысы, оның ішінде бакалавриат бағдарламалары 2028 жылдан бастап іске қосылмақ.
Қандай мамандар дайындалады?
Жоба аясында тек классикалық IT-мамандар емес, әртүрлі салаларда жасанды интеллектті қолдана алатын жаңа буын кадрлары даярланады. Негізгі бағыттардың бірі — “AI + X” моделі, яғни жасанды интеллектті нақты салалармен біріктіру:
- •құқық
- •экономика
- •логистика
- •қаржы
- •және басқа да бағыттар
Бұл тәсіл еңбек нарығына әмбебап, пәнаралық мамандарды шығаруға мүмкіндік береді.
Ғылым мен бизнес байланысы күшейеді
Жаңа университет тек білім беру емес, қолданбалы ғылымды дамыту орталығы ретінде құрылмақ. Осыған байланысты индустриялық серіктестікке ерекше мән беріліп отыр. Негізгі серіктестердің қатарында “Самұрық-Қазына” қоры мен оның еншілес компаниялары бар. Олар университет үшін кадрлық сұраныс қалыптастырып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге тапсырыс беруші ретінде де қатысады. Министрлік атап өткендей, университет қызметі Қазақстан заңнамасына және мемлекеттік білім стандарттарына толық сәйкес жүзеге асады.
Оның ішінде:
- •білім гранттары
- •ғылыми қаржыландыру
- •мемлекеттік қолдау шаралары – бәрі де қолданыстағы талаптарға сай реттеледі.
Жалпы алғанда, жасанды интеллект университетін құру – Қазақстанның AI-кадрлар даярлау экожүйесін қалыптастыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатының маңызды бөлігі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!