білімді ұрпақ кепілі ме?

Бүгінде балаларды жеке мектепте оқы­ту трендке айналды. Бұл үрдіс бізге дамы­ған мемлекеттен келді. Мысалы, Ұлы­бри­танияда жекеменшік мектептердің ерек­ше мәртебесі бар әрі оқу ақысы өте қым­бат, мемлекеттік мекемелер оларды тексер­мей­­ді, академиялық еркіндік берілген. Ал Фин­ляндияда жекеменшік мектеп тіпті аз. Бұл елде жекеменшік мектептерде мемле­кеттік мектепте оқытпайтын сирек пәндерді оқытады. Германияда жекеменшік мектеп жоқтың қасы. Елдің кейбір аймағында халық саны өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы туындағаннан кейін жеке мектеп пайда болған. Соның өзінде де мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан, же­ке­меншік мектептердің көбі әр отбасы үшін қол жетімді, яғни оқу ақысы арзан. Байқағаныңыздай, шетелде мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында ашылған мектептердің барлығы ата-анасының қалта­сы көтеретіндей  қолжетімді. Ал біздің елде қалай?

Рас, біздің елде де халық санының өсуіне байланысты кейбір елдімекенде мектеп тапшылығы сезіледі. Бұл мәселені оңтайлы шешуде мемлекет шетел тәжірибесіне сүйеніп, жеке мектеп ашуды жолға қойды. Қанша жерден тәжірибесі мол, білікті ұстаздың жеке мектеп ашуға ықыласы болса да, қалтасы көтермейтіні белгілі. Сол себепті бұл салаға қал­талы кәсіпкерлердің ықыласы ауды. Біздің өңірден де соңғы үш жылда 7 жеке мектеп пайдалануға берілді. Аты жер жаратын жеке мектептердің білім деңгейінің қаншалықты еке­нін уақыт көрсетеді. Бір анығы, оқу ақысын төлеуге әр ата-ананың мүмкіндігі жетпейтіні белгілі. Қазірдің өзінде ақылы мектептердегі орташа ай сайынғы төлем 40-50 мың теңге аралығында.

– Ішкі істер саласында қызмет атқарған соң, баланың сабағына көп көңіл бөле алмаймын. Баламның спорттық үйірме­ге, қосымша жарыстарға қатысқанын қалаймын. Сон­дық­тан жеке мектептің қызметіне жүгі­немін. Мектепте бала үш мезгіл ыстық тамақпен, арнайы спорт секциясымен қатар тереңдетілген білім беруімен ерекшеленеді. Ағылшын тілін білуге де басымдық береді. Баланың қарым-қабілетіне қарай үйірмені ұстаздар бекітеді. Жеке мектепте ақшамның көптігінен емес, жан-жақты білімді, заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу мақ­са­тында оқытамын, – дейді ата-ана Арай Дүйсенаева.

– Жаңадан бой көтерген сол жағалау мөлтек ауданында тұрамын. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткіздік. Кілтті алғанымызға мәз болғанымыз сонша­лық, жаңа ауданда мектептің жоғын аңғармаппыз. Ауданда орналасқан «Orda school» мектебі ақылы. Төрт баланы оқыт­пақ түгіл бір баланы ақылы оқытуға мүмкіндігім жоқ. Осы уақытқа дейін бұл мәселені қаншалықты көтергенімізбен, естір құлақ болмай тұр. Пандемияның кезінде балалар үйде білім алған соң сабыр сақтап күттік. Ал қазір ІІІ тоқсанда балалар мектепке қатынауға мәжбүр. Сондықтан екі мыңнан астам тұрғыны бар ауданға жаңа мектеп пен қосымша білім беретін ұйым ауадай қажет, – дейді Гүлзат Жапалақова.

Рас, көпбалалы отбасы үшін жеке мектепте бала оқыту оңай­ға соқпайды. Бұрынғыдай емес, қазір балам білімді болсын деген ата-ана еш қаражат ая­майды. Қай оқушыны алып қарасақ та, қосымша сабағымен қатар спорттық үйірмеге қатысады. Бұрынғыдай азан­нан кешке шейін бірін-бірі қуалап ойнайтын баланы кезіктіре бермейміз. Ал ата-аналардың басым көпшілігі баланы ақылы мектепке қосымша білім үшін береді. Осы мәселені оңтайлы шешуде жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов әлеу­меттік парақшасында ата-аналар үшін жағымды жаңалықпен бөліскен еді.

– Мемлекет басшысы Жолдауында қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысу үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді. Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес.

Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен сек­цияларға қатысу мүмкіндігі болу керек. Елімізде мем­ле­кеттік қосымша білім беру мекемелері біз қалағандай көп емес. Сондықтан балаларды қосымша біліммен қам­ту үшін тиісті жұмысты атқарудамыз. Жақын арада бала­лардың мем­лекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйым­дарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады. Қо­сым­ша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйір­мелер, секциялар, көркемөнер және музыка мектептері, жас тех­ник станциялары енеді. Бұл бағыт арқылы бала қо­сымша білім алып, түрлі дағдысын дамытады. Дегенмен мем­лекеттік тапсырыс арқылы жеке­меншік орталықтарда бала­ның қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды, – дейді.

Мұндай қосымша білім беретін ұйымдар мен үйірмелер жеке мектеп, жеке балабақша сияқты мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Яғни кәсіпкерлер өз қаражатына мектепке дейінгі білім беру мекемесін салады немесе ғимаратты жабдықтайды, ал мем­лекет әрбір балаға мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы ақша төлейді. Нәтижесінде мемлекет құрылысқа және материалдық-техни­калық базаға жұмсалатын ақша­ны үнемдейді. Бірақ осы тұста қосымша білім беретін ұйым­дардың қызметі әр балаға қол­жетімді болса, игі бастама болары сөзсіз.

P.S. Осыдан он жыл бұрын жеке мектеп ашпақ түгіл бала­ларды балабақшамен қамту мұң болатын. Бірақ мемлекет «Балапан» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді жеке бала­бақша ашуға ынталандырып, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Бастапқыда балабақшаға ата-аналар айына 20 мың теңгеден жоғары ақы төлейтін. Балабақша санының артуымен бәсекелестік орта қалыптасып, ай сайынғы төлем де 20 мыңнан 7-10 мыңға дейін төмендеді. Бірақ са­ны бар, сапасы жоқ балабақша саны артқаны да жасырын емес. Осы тұста жеке мектептердің, қосымша білім бере­тін ұйымдардың мемлекеттің қолдауымен ашылғанын құп­тай­мыз. Бірақ саннан сапаға мән беріп, білім саласындағы олқы­лықтың жойылуына септігін тигізсе деген ниеттеміз.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА