Қазір жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілген

Биыл қыркүйек айында елімізде университет оқытушыларының жалақысы көтерілуі керек. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы есеп беріп жазба жариялады. Оның айтуынша, қазақстандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесін барынша тиімді және бәсекеге қабілетті ету үшін барлық жағдай жасалды.

«Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Ол үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылы профессорлық-оқытушылық құрам жалақысының ең төменгі деңгейін белгілейтін бұйрыққа қол қойдым. Бұл бұйрық жалақыны бұрынғымен салыстырғанда көбейтуге мүмкіндік берді. Жоғары оқу орнына жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілді. Ал профессордың жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды. Ал педагогикалық жүктеме деңгейін оқу жылына 680 сағаттан аспайтындай етіп бекіттік. Сондай-ақ университеттердегі шамадан тыс бюрократия мен тікелей міндетке жатпайтын біраз функцияларды алып тастадық», – деп жазды министр.

Сонымен бірге ол студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы өскеніне тоқталды. Яғни докторанттарға берілетін стипендия 3 жыл ішінде 82 мыңнан 200 мыңға жуық сомаға дейін артты. Осы уақыт аралығында жоғары оқу орындарына түсуге берілетін грант саны да екі есе ұлғайды.

Ең бастысы, бағдарламалық құжаттар арқылы 2025 жылға дейін стипендияны, оқытушылардың жалақысын, студенттік гранттар санын және ғылымды қаржыландыруды ұлғайту үшін қаржыландыру мен міндеттемелерді алдын ала белгілеп қойдық. Ел Президентінің тапсырмасы арқасында көтерілген грант құны университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Сәуір айында жоғары оқу орындарының ректорларына қосымша тапсырма бердік. Осы тапсырмаға сәйкес 2022 жылдың қыркүйегінен бастап университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысы тағы да көтерілуі керек. Ол үшін қаражат бар, – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов 15 университетті жабу туралы шешімін түсіндіргенін жаздық.