«Жарқын болашағыңның сәтті қадамын біздің «Болашақтан баста!» дейді «Болашақ» университетінің ұжымы. Университетте өткен ашық есік күнінде болашақтықтардың басты ұстанымы осы болды. Жиынға қала мектептерінен ұстаздар мен оқушылар келіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.

Айгүл Жаханова оқушыларымен бірге Сералы Лапин атындағы №261 орта мектептен келді. Таңертең келгеннен бері ғимарат ішін толық аралаған ол студенттерге барлық жағдай жасалғанына куә болғанын айтты.

– Оқушылар ғимараттың ең биік нүктесіне шықты. Керемет әсер алды. Ал арнаулы мамандықтарға арналған кабинеттер ше… Мұғалім біздің өзіміз қатты қызықтық. Жылыжайы ше… Балалар өз еңбектерімен ненің не екенін ұғынып, шыңдалып өсіп келе жатыр. Тамаша. Спорт залының өзі не тұрады?! Бассейні де бар екен. Оқушыларыма қатты ұнағаны да осы еді. Медицина саласына арналған бөлімімен де таныстық. Акушерлік бөлім, хирургиялық бөлім медицина мамандығын таңдап отырған оқушыларым үшін ерекше жағдай болды. Көп мағлұмат алдық. Балаларды таңдандыру қиын, бірақ осы жолы олар таңдай қақты, – дейді ұстаз.

Ұстазына ере келген шәкірті Ақсүмбе Әмірхан 11сыныпта оқиды. Ол бастауыш сынып мұғалімі боламын деп шешім қабылдапты.

– Университет маған қатты ұнады. Кабинеттері де ерекше. Әр мамандықтың өзіне арналған бөлмелері мені еріксіз тәнті етті, – дейді таңданысын жасырмай.

Өңірдегі Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектеп директорының орынбасары Әдемі Қабылтаева да оқу ордасының заманауи кейіпте екенін, студенттердің мүмкіндігі мол екенін жеткізді.

– Кіргеннен бастап ерекше көңіл-күй, аураны сезіндік. Ғимараттың 14 қабатын аралап шықтық. Мамандықтармен таныстық. Материалдық-техникалық базасы тәнті етті. Әсіресе жылыжай жұмысы ерекше ұнады. Көп жылыжайда тек қияр бар. Ал мұнда банан мен лимон да өсіп тұр. Тамаша ғой. Спорт кешенінің жұмысы да керемет. Жатақханасы да керемет әрі қолжетімді. Міне, 1200 орындық студенттер сарайына да келіп қалдық. Студенттердің өнері де ерекше екен, – дейді Әдемі Жорабекқызы.

Айтпақшы, оқу орнында түрлі грант қарастырылған. Тіпті белсенді студенттердің оқу ақысына жеңілдігі де бар. Мұның барлығы оқушыларға да ықпал етері сөзсіз. Мәселен, №212 мектеп-гимназияның 11сынып оқушысы Гүлім Әскербекқызы биология пәнін таңдапты. Мұнда келгенде оны қызықтырғаны – медицина саласына арналған кабинеттер.

– Иә, арнаулы кабинеттерді көріп, таңдап отырған мамандығыма деген таңдауым беки түсті. Кәдімгі студент болып, іс-тәжірибеден өтіп жүрген мамандай сезіндім. Қолмен ұстап, көзбен көру – мың мәрте естігеннен әлдеқайда артық. Біз бүгін сондай бақытқа қол жеткіздік. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұстаздарыма алғысым шексіз. Мақсатымызға қадамымыз қарқын ала түсті, – дейді ол.

Қонақтармен пікірлесуіміз ғимаратты аралап болып жатқан кез еді… Жиылған жұртшылық болып 1200 орынға арналған студенттер сарайында болашақтықтардың өнерін тамашалауға асықтық. Университет ректоры Гүлжахан Снасапова оқу орны жайлы мәліметті ортаға салды.

– Біздің оқу орнында студенттерге барлық жағдай жасалған. Өйткені бүгінгі қоғамда басты байлық – адами капитал. Демек біз тәрбиелеген әрбір шәкірт білікті маман болып шығуы керек. Ертең ел игілігіне еңбек еткенде ол өз ісінің шебері ретінде танылса дейміз. Біз соған күш саламыз. Заманауи мамандықтар бар, жаңа бағдарламалар бар. Ал материалдық-техникалық базамызды жаңа өздеріңіз көрдіңіздер. Оқытушылық құрам да мықты. Мұндай ұстаздардан білім алған шәкірт бақытты. Студенттік шақ – адам баласының ең керемет кезеңі. Сол кезеңді біздің оқу орнында өткізіңіздер, – деді Гүлжахан Жұмашқызы.

Жиын соңы «Болашақ» университеті студенттерінің концертіне ұласты. Бірібірін толықтырған ән мен би – келген жұртшылықтың көңілін серпілтті. Оқу ордасы жайлы бейнеролик арқылы да талапкер шәкірттерге көп мағлұмат берді.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!