Фото: aikyn.kz

Жедел әрі соңғы ақпаратқа сәйкес, топан су басқан өңірлерде 80 білім беру ұйымы онлайн оқу форматқа көшті. Сонымен қатар балаларға психологиялық көмек көрсетілуде. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мәлім етті, – деп хабарлады Kazinform.

«Оқу-ағарту министрлігі өңірлердегі жағдайға тұрақты түрде мониторинг және үйлестіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Министрлік өкілдері республикалық және өңірлік жедел штабтардың құрамында жұмыс жасауда. Жедел ақпаратқа сәйкес, бүгінде 80 білім беру ұйымдарында оқу онлайн форматында жүргізілуде. Оның ішінде 55 мектеп эвакуациялық пункт болып айқындалған. Бұл мектептердегі бала саны – 7255», – деді аталған министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми өкілдің айтуынша, балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмысқа кірісіп кетті.

«Бала құқықтары жөніндегі уәкілдері жұмысқа белсенді араласуда. Зардап шеккен елді мекен балалары оқу құралдарымен, онлайн оқыту үшін қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілді», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!