Мемлекеттің баянды болашағының алғышарты – арманы айқын, мақсаты мәнді, өзіне сенімді ұрпақ қалыптастыру. Осы орайда аталған мәселеге «балалар жылы» ғана баса назар аударылмай, жалпы ел көлемінде түрлі жобалар қолға алынып жүр. Соның бірі – «Дара» қайырымдылық қоры қолға алған «Тәлімгерлер» жобасы. Облыс бойынша жобаны жүзеге асырушы, «OSTOD» қоғамдық бірлестігінің директоры, «Самғау» жастар сыйлығының иегері Әділ Әліқұловпен сұқбаттасудың реті түсті.

Жобаның тарихына тоқталсаңыз…
– «Дара» балалар қайырымдылық қоры 2015 жылдан бастап республика бойынша «Тәлімгерлер» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бағдарламаның мақсаты – балалар үйіндегі жасөспірімдерді әлеуметтендіру. Қазіргі таңда еліміздің 15 қаласында іске асырылып отыр. Өңірлерде бағдарлама серіктес ҮЕҰ-мен бірлесе отырып жасалынып келеді. Ең алғашында Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында бастау алса, кейіннен басқа өңірлер де қосылды. Жыл сайын бағдарлама жүргізілетін қалалар саны көбеюде.
Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. АҚШ-та 100 жылдан астам тарихы бар «Big brother Big sister» жобасы, Ресейде де осы сынды тәлімгерлік бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, біздің жағдайға бейімдеп жасадық. «Тәлімгерлер» бағдарламасы осы уақытқа дейін орыс тілінде жүзеге асты, осы жылдың сәуір айынан бастап қазақ тілді бағытын дамытуды қолға алдық. Себебі өңірлерде қазақ тілді балаларға тәлімгер табу қажеттілігі туындады.
«Тәлімгерлер» бағдарламасының нәтижесі қандай?
– «Тәлімгерлер» бағдарламасы 3 бағытта жүзеге асырылады: біріншісі жеке (дара) тәлімгерлер болса, екіншісі корпоративтік тәлімгерлер. Ал соңғысы білім беру курстарына тікелей байланысты.
«Жеке тәлімгерлер» бағытының мақсаты – балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдерді әлеуметтендіру, ерікті-тәлімгермен достық қатынас құру арқылы дербес өмірге дайындау. Тәлімгер демеуші емес, балалар үйіндегі жасөспірім үшін маңызды ересек адамға айналатын үлкен дос. Тәлімгер өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліседі, балалар үйіндегі баланы бағыттайды және қолдайды. Басты талап – баланың жасы 11-ден асу керек. Ал жасы 25-тен асқан ҚР-ның кез келген азаматы тәлімгер бола алады, ол үшін іріктеуден, арнайы оқытудан өту қажет. Бағдарламаға қатысу ұзақ мерзімді. Әрине, тәлімгер мен балалардың арасындағы достық қатынас өмір бойына жалғасқанын қалаймыз.
Корпоративтік тәлімгерліктің мақсаты – жасөспірімдерге қоғамда табысты әлеуметтену үшін өмір мен кәсіби жоспарлауға көмектесу, сондай-ақ бизнес қауымдастық үшін балаларға қандай да бір кәсіпті меңгеруде білім, тәжірибе алуға көмектесу мүмкіндігі. Бұл бағытта корпоративтік тәлімгерлер-балалар үйінен балаларды оқытып, тағылымдамадан өткізе алатын түрлі компаниялар.
Соңғы бағыттың мақсаты – балалар үйінің тәрбие­ле­ну­­шілеріне мектеп пән­дері бойынша білімдегі олқы­лықтардың орнын тол­тыруға жә­не ҰБТ тап­сыруға, кол­ледждерге түсу емтиханына дайын­далуға, олардың жоғары оқу орындарына түсу мүм­кіндігін арттыруға және сол арқылы қоғамда табысты әлеуметтенуді артты­руға көмектесу. Қазіргі таңда 220-дан астам баланың жеке тәлімгері бар, корпоративтік тәлімгерлік бойынша 280 бала әртүрлі компанияда маусымдық тағылымдамадан өтті. Білім беру курстары бойынша 160 бала тұрақты түрде оқиды. Осындай білім беру курстарының арқасында 7 балалар үйінің түлегі грантқа ЖОО-на оқуға түсіп, студент атанды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, үлкен мәртебе.
«Атамекен» балалар үйімен бірлесіп жұмыс жасап келесіздер. Өңірдегі балалардың өмір сапасына аталған жобаның қандай әсері бар?
– 2020 жылы «Дара» қорына «Атамекен» отбасылық типтегі балалар ауылының директоры Лиза Ноғайқызы хабарласып, балалардың біздің бағдарламаға қатысқанын қалайтынын айтты. Әрине, ұсынысты қуана қабылдадық. Қызылорда қаласында жоба 2021 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады, қазіргі таңда 2 баланың тәлімгері бар. Ал білім беру курстары бойынша 5 бала «Достық» білім беру орталығында дайындықтан өтуде.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Біріншіден, Қызылорда қаласында тәлімгерлер санын көбейтуді жоспарлаудамыз. Сондықтан жасы 25-тен асқан қала тұрғындарын бағдарламаға қатысуға шақырамыз. Республика бойынша көптеген жасөспірім өз тәлімгерін күтуде. Біздің мақсат – тәлімгерлер санын көбейту. Сонымен қатар алдағы уақытта Ақтөбе және Талдықорған қалаларында бағдарлама бастау алады. Балалар үйінің жасөспірімімен дос болуға шақырамыз!
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!