«Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?». Тосыннан осындай сауал қойылса, то­сырқап  қалатын адам көп. Бірақ қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушы­лығын жоққа шығаруға болмайды. Әрине, олар ескі сөредегі көркем әдебиет пен классикадан бас алмайды деп айту қиын. Себебі заманның сұранысы басқа. Уақыт ағымына сәйкес басылымдардың да көтеретін тақырыбы өзгеріп келеді. Осы жағдайды ескере отырып, трендтегі кітаптар жайлы тарқатып айтуды жөн көрдік.

Жастар арасында кофе ішіп, кітап оқудың жақсы дәстүрге айналғанына көп бола қойған жоқ. Бірте-бірте қалыптасқан бұл үрдіс кітаптың орнын интернет ресурстардың баса алмайтынына дәлел болған сыңайлы. Әсіресе, қаладағы «KitapAL» дүкеніне келіп, кітап іздеп жүрген замандасыңды көргенде тілдесуге ортақ тақырыптың табыла кететіні көңілге қуаныш ұялатады.

«Жылдам оқы»

Қазір Мирас Кесебаевтың «Жылдам оқы» кітабы жастардың жоғары сұранысына ие. Тайм-менеджментпен жүретін жаңа заман тұрғындары үшін уақыттың бағасы қымбат. Олар, тіпті, кітап оқуға арнаған уақытты да тиімді пайдаланғанды жөн көреді. «Жылдам оқы» кітабының трендте болатын себебі де осы. Автор алдымен оқырманның оқу жылдамдығын бірнеше жаттығу түрімен тексеріп алады. Кітапты мазмұндау барысында жылдамдықты қалай арттыру керек деген сауалмен шектелмей, «кітапты қалай дұрыс таңдау керек?», «кітапты не үшін оқисыз?» деген сұрақтардың да жауабын қамтиды. Сонымен қатар кітапта «Жылдам оқыған тұлға» атты қызықты айдармен әлемдегі ерекше қабілетке ие адамдар жайлы да деректер берілген. Мәселен, АҚШ-тың Юта штатында университетте дәріс оқитын профессор Лоуэлл Лииске Эвелин есімді студент 80 беттен тұратын курстық жұмысын тапсырады. Бір айда оқып, пікір жазып қайтарар деген ойда болған студентке профессор 10 минутта жұмысын тексеріп, қайтарып береді. Тіпті, сұхбаттасу барысында профессор курстық жұмысты оқып қана қоймай, толықтыру керек бөлімдерді, қате кеткен тұстарды айтып берген. Сонда орташа есеппен профессор Лиис минутына 2500 сөз оқыған. Бұл оқиғадан әсерленген Эвелин Гуд жылдам оқу институтын құрып, сабақ берген екен. Ал тарихта жылдам оқудан рекорд орнатқан Син Адам минутына 4550 сөз оқу мүмкіндігіне ие болған. Осыған қарап-ақ минутына мыңдаған сөзді оқуға болатынын, ол үшін жылдамдық дағдысын қалыптастыру керегін түсінеміз. Және осы мақсат «Жылдам оқы» кітабының құндылығын арттыра түседі.

«Оқырман әліпбиі»

«Кітап оқымай өткен күн – бекер өткен күн». Василий Сухомлинскийдің осы сөзін еске түсіргенде күнделікті жарты бет болса да кітап оқуды бұлжымас ережеге айналдырғың келеді. Бірақ ол үшін кітап оқу дағдысы мен мәдениетін білу артық етпейді. Әділбек Исламбектің «Оқырман әліпбиі» кітабында біз айтып отырған қағиданың бәрі қамтылған. Кітап мазмұны жағынан «Жылдам оқы» туындысына ұқсас болғанмен, оқырманды қызықтыратын өзгеше тақырыптары бар. Тіпті, бұл кітап «KitapAL» дүкенінде оқырманның жоғары сұранысына ие болған ондықтың қатарында екен. Сондықтан кітапта көрсетілген кейбір пайдалы кеңестерді осында бөлісуді жөн көрдік. Автор «кітапты қай уақытта оқу керек?» деген сауалға ғалымдардың дәлелдемелерін ұсынады. Гарвард университетінің мамандары жүргізген зерттеу барысында таңғы сағат 6-дан 7-ге дейінгі уақытта мидың жұмыс істеу, есте сақтау қабілеттілігі жоғары деңгейде болатынын анықтаған. Ал таңғы сағат 8-ден 9-ға дейін адамның логикалық ойлау қабілеттілігі арта түседі. Таңғы сағат 9-дан 10-ға дейінгі аралық – ғылыми туындыларды оқуға таптырмас уақыт. Сондықтан автор салыстырмалы мәліметтермен жұмыс жасауға өте тиімді екенін айтады. Ең қызығы, түскі сағат 11-ден 12-ге дейінгі уақытта адамның интеллектуалдық ойлау қабілеттілігі төмендейді екен. Сол үшін бұл уақытта кітап оқудың орнына басқа да маңызды жұмыстарға назар аударған жөн.

Кітаптағы «Тұлғалар өміріндегі кітап» атты бөлім оқырманды өзіне шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Себебі аталған айдардың тақырыпшалары қазақ зиялыларының кітапханасынан хабар береді. «Бимырза Ерназаров соғыс алаңында қай кітапты қойнында ұстаған?», «Әбу Насыр әл-Фараби қай кітапты 100 мәрте қайталап оқыған?», «Мұхтар Әуезов 2 күнде қандай кітаптарды оқып бітірді?», «Ақселеу Сейдімбеков қандай кітаптарды 2 миллион теңгеге сатты?», «Ғабит Мүсіреповтың кітаптары неге аз болған?» сынды тақырыпшалар арқылы оқырман кітап соңына қалай жеткенін байқамай қалады. Сөзімізге бір ғана мысал, кітапта Қадыр Мырза Әлидің неге үйінен шыққан адамдарды тексеретіні жайлы жазылған бет бар. Қабырғалы жазушының бұл әдеті шынымен қызық қой иә? Бірақ оның елеулі себебі бар екен. Жазушы кітапханасының бай болуы заңды, яғни ол жерден кез келген автордың кітабын табуға болады. Ал үйіне келген қонақты шығарып саларда жазушының мейманды құшақтап, қалтасын тексерістен өткізуі «Менің кітаптарымның бірін ұрлап алмады ма?» деген қорқынышынан туған. Осыдан-ақ аңыз адамның өз кітаптарына көзінің қарашығындай қарағанын білуге болады. «Оқырман әліпбиінің» басты ерекшеліктерін қысқаша атап өттік. Кітап оқуға деген құлшынысты арттыруға арналған басылым жастар үшін пайдалы болары сөзсіз.

Вавилондағы ең бай адам

Джорж Клейсонның бестселлерін қазақ тілінде Серік Ерғали мазмұндаған. Кітап атауынан байқағанымыздай, басылым бай болудың ережелері жайлы баяндайды. Қаржыны дұрыс пайдалануды, табысты сақтауды үйрететін бұл кітап «Байлық әліппесі» деп те аталып жүр. Демек, кәсіп игеріп, табыс табуға ұмтылған жастардың кітапты оқуға ынталы болуы − заңдылық. Осыған дейін бұл еңбектің жүз мыңдаған адамға қаржылай еркіндік сыйлағаны айтылады. «Байлықтың бес заңын» нақтылап көрсеткен кітаптың негізгі мазмұнын қысқаша ғана баяндауды жөн көрдік. «Егер алдыңнан алтын толы қап пен даналық жазылған сазбітік шықса қайсысын таңдар едің?» деп басталатын оқиға шығыс ертегілеріне ұқсайды. Бірақ бұл қиял-ғажайыпқа құрылған дүние емес. Оқырманға байлықты немесе білімді таңда деген нұсқау беретін ежелгі Вавилондағы оқиға еді. Вавилондағы ең бай адам Арқат баласы Номасарға байлықты да, даналық сөздер жазылған сазбітікті де береді. Оқиға соңында байдың баласына бір қап алтын емес, байлықтың бес заңы жазылған күйдірілген кірпіш мол пайда әкеледі. Сондағы жабаларды автор оқырманға негізгі қағида етіп ұсыныпты: бірінші заң бойынша табысының кемінде оннан бір бөлігін өзі мен жанұясының болашағына жинайтын адамға ғана байлық дариды әрі қазынасы молаяды. Екінші заңда өзінің сүйікті ісін тапқан адамның байлығы ғана тұрақты болып, өрістегі малдай көбейетіні жазылған. Үшінші заңда білікті адамдардың кеңесіне құлақ асып, білгенін іске жаратқан кісінің байлығы еселенетінін ескертеді. Төртінші заңда өзіне бейтаныс іске ұрынған адамның байлығы қолдан суситыны жазылса, бесінші заң қолдан келмейтін іске ұрынған, болмаса алаяқтар мен қулардың қарамағына түскен немесе тәжірибесіздігі мен қиялға еруінің нәтижесінде тез баюға ұмтылған адамның байлығынан береке қашатыны баса айтылады. Аталған бес заң да әлі күнге дейін маңызын жоймай келеді. Содан болар «Вавилондағы ең бай адам» кітабы да бестселлер қатарынан түскен емес.

Ментор

Жаңа заманда жастардың кәсіп бастап, мол табысқа ұмтылуы қуантарлық жағдай. Алайда рухани даму мен кемелденуді де естен шығармаған абзал. Осы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылғандықтан «Ментор» кітабы да трендтегі кітаптар қатарынан орын алған сынды. Мұхитдин Исаұлы мен Алмат Анарғалидың туындысы бай санаға ие болғысы келетін оқырманға арналған. Сондай-ақ, кітап авторлары адамның өзін табуына, эмоциялық жүктерден арылуына ықпал етіп, өмірді қиындатпауды мақсат еткен. Кітапты қолға алып парақтағанда «қандай ерекшелігі бар?» деген сауалдың көкейде тұратыны рас. Себебі қазір рухани дамуға арналған, мазмұны ұқсас басылымдар саны жеткілікті. Бірақ «Менторға» көз жүгірткенде «Темірдей тәртіп (тт) қалыптастырудың 6 жолы» аталатын бөлім ерекше назар аудартады. Қай істе болсын, тәртіптің болғаны жақсы, алайда оны қалыптастырудың жолдарын көпшілік біле бермейді. Кітапта Элберт Грин Хаббардтың ТТ жайында айтылған мына сөзі берілген: «Қажет болғанда өзіңе керек нәрсені қаласаң да, қаламасаң да жасай білу қабілеті». Анықтамасын білген соң, ТТ-ны қалыптастырудың жолдарына көз жүгірттік. Автор бірінші жол ретінде «100% мен» формуласын ұсынады, яғни жауапкершілік қашанда өзіңізде екенін ұмытпау қажет. Екінші жол – қандай жағдайда да  қиындықтан қашпау. Келесі нұсқаларда болашақты болжау, кедергілерді жеңу, мақсатты қайталап отыру, бастаған істі аяқтау темірдей тәртіп орнатудың басты қағидалары екені жазылған.

Кітапты қалай оқу керек?

Кітап оқу – тек бос уақытты қызық өткізу тәсілі ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасу жолында көмегі тиетін өте пайдалы іс. Нақтырақ айтқанда, бұл процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады және сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартады. Сондай-ақ, әрбір адамның шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятуға итермелейді.

Кез келген адам көп білуге деген құштарлығы арқылы пайдалы ақпараттарға, тың дүниелерге бас сұққысы келеді. Оқырмандар да солай. Басында балалар әдебиетін шолып өткен адам ертеңіне роман-эпопеяларды парақтай бастайды. Бірер күннен соң қолында дамуға арналған кітаптар жүреді. Әрине, оқимын деген ниеттің өзі дұрыс. Алайда оқу барысында жүйелілікке көп көңіл бөлген абзал. Бастауыш оқушылары балаларға арналған кітаптарды парақтамай тұрып «Абай жолы» немесе «Көшпенділерді» оқығанымен, толықтай түсініп, өзіне керек дүниені сіңіре алмайды. Демек, асқан жүйелілікпен, жасына, таным көкжиегіне қарай авторларды таңдаған жөн.

Осы ретте Mazmundama қорының жетекшісі Шыңғыс Мұқанның кітап оқуға қатысты кеңестеріне құлақ түрейік. «Артық білім кітапта» деп Абай атамыз айтпақшы, кітап оқу білім алудың жолы. Білім деген – білу деген. Кітап оқып, білмегеніңді үйренгеніңмен, сол білімді іске жарата алмасаң, білгеннің пайдасы жоқ. Мәселен, қазір қандай тағамның пайдалы, қайсысының аса пайдасы жоқ, тіпті, қайсысы зиянды екенін білеміз. Бірақ сол білім өмір салтымызды өзгертуге әсер етпесе, оны білгеннен не пайда?! Жаман әдеттердің өмірге зиян екенін білеміз, бірақ сол білгенімізге сәйкес өмір сүрмейміз. Кітап оқудың дұрыс екенін білеміз, бірақ біліп тұрып кітап оқымасақ, оның да пайдасы шамалы. Білім – сөз, сол білгенге берік болу – іс. Сөз бен істің арасы әдетте алшақ болады. Сондықтан сөздің іске сәйкес болғаны дұрыс. Кітап оқу да сол. Пайдалы ақпарат алудың әдісі көп. Интернетте толып тұр. Бірақ әңгіме кітаптан пайдалы ақпарат алу емес, сол пайдалы білімді іске жарата білуде.

Пайдалы ақпарат кездессе, яғни бұрын білмейтін жаңа мағлұмат, жақсы ойды оқысам, астын сызып оқимын. Жалпы, қаламсыз кітап оқымаймын. Оқып болған соң, астын сызған тұстарына көз жүгіртіп, одан не түйгенімді ой елегінен өткіземін. Кітапта келтірілген мәліметтер бұрын бекінген ойларымның дұрыс емес екеніне сендіре алса, ойымды, соған қатысты көзқарасымды өзгертуге тырысамын.

Таңдау қай уақытта да адамның өз құзырында. Кітапты оқығанда да кез келген кітапты оқи бермей, қандай кемшілігің бар, соны анықтап, сол кемшілікті түзейтін кітаптарды оқыған абзал. Егер уақыт жетпей, ешнәрсеге үлгере алмай жүрсең, уақытты басқаруды үйрететін кітаптарды оқы. Уақытты қалай басқаруды біліп алған соң, соны өміріңде қолдан. Білім арттыратын кітаптар тек сол тақырыптарды қозғайтын кітаптарда ғана болмайды. Айталық, көшбасшылық деген қасиет бар. Бұл қасиет адамдардың бәрінде бар. Көшбасшылық деген – жақсы үлгі көрсету, жауапкершілік алу, бастамашыл болу. Бірақ көшбасшылық ілімін тек осы тақырыптағы кітаптардан табам десеңіз, қателесесіз. Мәселен, Александр Бектің Бауыржан Момышұлының аузынан жазып алған «Волоколам тас жолы» атты кітабы бар. Соғыста Мәскеуді қалай қорғағанын баяндайды. Тұнып тұрған көшбасшылық ілімі. Әскери емес адамдарды жинап алып, оларды қалай соғысқа дайындады, қалай соғысқа бастап барды? Оларды қалай жігерлендірді? Міне, мұның барлығы – көшбасшылық. Кітап оқымай-ақ, төңірегіңізде жүрген жауапкершілігі мол, сөзі түзу қаншама адамдар бар! Оларды оқи алған, олардан үйрене алған адамға олардың әрқайсысы бір-бір кітап болуы мүмкін», – дейді Шыңғыс Мұқан.

Кімді оқып жүрсіз?

Кітап оқу үшін арнайы уақыттың болмайтыны белгілі. Тіпті, кітап парақ­таған сәтте оқырманның қай саланың маманы екені де маңызды емес. Бастысы, кітаптың мазмұны мен пайдалы болуында. Осы аптада біз түрлі сала мамандарынан қай авторды, қандай шығарманы оқып жүргенін сұрастырдық.

Жұлдызай Мұзарапшина, мұғалім:

− Соңғы уақытта бірнеше кітапты қатар оқып, тауыстым. Олардың қатарында Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі», Дулат Исабековтың «Бекеті» мен «Тыныштық күзетшісі» кітабы бар. Кітаптардан алған әсерім ерекше. Әрбір кейіпкердің бейнесі, рөлі, сол кездегі халықтың басынан өткерген қиындықтарын жазушы шебер суреттеген. Мәселен, «Ақ боз үй» кітабы ашаршылық кезеңін оқырманның көз алдына айна-қатесіз жеткізеді. Басты кейіпкер Хансұлудың өмірін баяндай отырып, тұтас елдің басындағы жағдайды  көрсете білген жазушы кітапқа деген қызығушылығымды арттыра түсті.

Ал «Тыныштық күзетшісінде» ел басына күн туған соғыс уақыты баяндалады. Алыстағы қазақ ауылының жұпыны тіршілігі, майданға аттанған ер азаматын күткен әйелдердің аянышты өмірі, алмағайып замандағы адамдардың қарым-қатынасы көрініс тапқан туынды түрлі сезім сыйлайды. Кітапты оқып бірде мұңаясың, бірде қуанасың. Дулат Исабековтың «Бекет» шығармасы да сондай әсерлі, себебі кітапта екі жетім баланың өмірі суреттеледі. Екі бауырдың бір-біріне деген ерекше махаббатын жазушы шебер жеткізген.

Гүлайна Манасқызы, медбике:

Жуырда жақын досымның кеңесімен Санжар Керімбайдың «Өмірге ғашық болу» кітабын бастадым. Басылымның негізгі бөлігінде автордың логотерапия идеясында жазылған мақалалары жинақталған. Автор логотерапия ғылымындағы ауыр түсінік пен терминді қазақтілді оқырманға жеңіл түрде, қарапайым әңгіме жанрында түсіндіре білген. Франкл, Юнг сияқты психологтардың идеясын, ғылыми көзқарасын да барынша түсінікті беруге тырысқан. Менің ойымша, логотерапия ғылымына қызығатын оқырмандар үшін бұл кітап таптырмас құндылық тәрізді.

Әміржан Қожабекұлы, педагог:

Қанша уақыт өтсе де құндылығы мен мазмұнын жоғалтпайтын кітаптар болады. Соның бірі – Әзілхан Нұршайықтың «Махаббат қызық, мол жылдар кітабы». Кітапты жақын арада оқып бітірдім. Шығарма соңына жеткенше, кітап кейіпкерлеріне бірде сүйсініп, бірде күйініп отырғаным рас. Басты кейіпкер Меңтай мен Ерболдың махаббаты, адамгершілік қасиеттері қазіргі жастарға үлгі-өнеге деп ойлаймын. Әсіресе, Меңтайдың анасынан алған тәрбиесі мен ақылын әрбір қазақ қызы білуі тиіс.

Мақала авторы және пікірлерді жинақтаған: Гүлдана  ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!