Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне тағзым етті. Президент аға буынның жанқиярлығы мен батырлығының арқасында ел бейбіт өмір сүріп отырғанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жеңіс күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнап құттықтау жолдады.

«Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрықша құрмет көрсетеміз. Еліміз ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етті.  Жүзден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды», – деді мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аға буынның өшпес даңқы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ел қорғаған батырлардың құрметіне мемориалдар орнатылып, олардың есімдері көшелерге, білім және мәдениет нысандарына беріліп келеді.

«Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз. Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ата заңымыз ешкімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жармайды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды. Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке», – деді президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, елдің бейбіт өмірі мен өсіп-өркендеуінің символы саналатын көк байрақ әрдайым биікте желбірей беруіне тілектестік білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!