Қазақта «ұстаз» ұғымы қашан да қасиетті саналған. «Мұғалім – мектептің жүрегі» десек, сол жүректің соғысы бүгінде жиілеп қалғандай. Кейінгі жылдары мұғалім мәртебесін көтеру бағытында мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылды.
Арнайы заң қабылданды. Десе де заңмен бекітілген құжат пен өмірдегі шынайы жағдайдың арасында әлі де алшақтық бар. Аталған жағдаят «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы» заң жобасы аясына қаралды. Ұстаздардың құзыреті қалай өзгерді? Бірге талдайық.
Мектеп қабырғасында ұстаз баланың қауіпсіздігіне жауапты. Алайда бұл жауапкершіліктің шекарасы қай жерде аяқталады? Осы уақытқа дейін мұғалімдер, әсіресе сынып жетекшілері, оқушының мектептен тыс уақыттағы әрбір қадамы үшін жауап беріп келді. Жұмыс уақыты аяқталса да, демалыс басталса да, мұғалімнің телефонына ретсіз хабарлар келеді.
«N» мектебінде мынандай жағдай болған екен. Жазғы демалыс кезінде бір топ жігіт төбелесіп, жарақат алған. Олардың ішінде Нұржан да бар еді. Қақтығыс барысында ол мұрнын сындырып алды. Құқық қорғау органдары ең алдымен кімді іздейді? Әрине, сынып жетекшісін. Мұғалім өзінің заңды демалысында жүргеніне қарамастан, полиция бөлімшесіне шақырту алады. Бұл – ұстаздардың басты уайымы. Себебі жеке демалыс уақыты да жұмыс үшін кедергі емес.
Бұл мәселе Мәжіліс мінберінде талқыға түсті. Депутат Асхат Аймағамбетов бұл әділетсіздікті ашық айтып, заңнамалық түзетулер қажет екенін алға тартты. Ендігі кезекте педагог баланың өмірі мен денсаулығына тек оқу-тәрбие процесі кезінде ғана жауапты болады.
– Жазда, кешкі уақытта немесе демалыс күндері құқық бұзушылық жасаған немесе келеңсіз оқиғаларға тап болған. Ол кезде жандарында мұғалімдер болған жоқ. Олар демалыста, үйлерінде болды. Өйткені бұл каникул уақыты, кешкі уақыт және бұл жұмыс уақытынан тыс болған еді. Бірақ соған қарамастан мектеп директорлары мен мұғалімдері жазаланды. Тіпті жұмыстан шығаруға дейін барды. Әрине, бұл – әділетсіздік. Біз енді заңға нақты норма енгіземіз. Педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болуы керек.
Жазғы демалыс – ата-ананың жауапкершілігі, түнгі уақыт ол да ата-ананың жауапкершілі, демалыс күндері де ата-ананың жауапкершілігі, – деді депутат. Жазғы демалыс, кешкі уақыт және мереке күндері – бұл ата-ананың тікелей жауапкершілік аймағы. Бірақ мәселе тек заңда емес, қоғамның санасында. Ата-ана өз баласына тәрбие беру мен бақылау жасауды толықтай мектепке ысырып қою әдетінен арылмайынша, мұғалімнің «арқалаған жүгі» жеңілдемек емес.
SMM-МҰҒАЛІМ
Бүгінгі ұстаздың тағы бір қасіреті – көрсеткіш қуу. Білім беру сапасынан бұрын, сол білімнің маркетингі назарға алынады. Әлеуметтік желілердің дамуы мектеп өміріне де әсерін тигізді. Мұғалім саналы бала өсіруді емес, сапалы видео жасауды мақсат етеді. Ал бұл сабақ барысына біршама кедергіге айналды.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 16-бабы мұғалімнен оның кәсіби міндетіне жатпайтын есептерді талап етуге қатаң тыйым салады. Жақында бұл мәселе заңмен бекітіліп, тиісті жауабын алды.
– «Педагог мәртебесі туралы» заңның 16-бабына сәйкес, педагогтен өзінің кәсіби міндеттеріне жатпайтын есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынады. Сондықтан, мұғалімнен арнайы монтаждалған бейнеролик немесе фото-альбом талап ету заңсыз. Егер ашық сабақ мектептің имидждік жұмысы үшін түсірілуі қажет болса, бұл жұмысты ұйымдастыру – мектеп әкімшілігінің міндетіне жатады, – деді Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығының мамандары.
Ұстаз – шығармашылық адамы, бірақ оның шығармашылығы видео монтаждауда емес, баланың санасына ақпаратты түрлі тәсілмен беруінде. Мұғалімді өз еркінсіз әлеуметтік желіге бейімдеу – білімнің құнсыздануына әкеледі.
МЕКТЕПТІ ТЕБІРЕНТКЕН ТРЕНД
Төбеде атап өткеніміздей, мұғалім құқығы заңмен қорғалған. Дегенмен қоғам түзелмейінші мәселе өзектілігін жоғалтпайды. Иә, құжат бойынша шешім бар. Бірақ ұстазға арқа сүйеп, жеке уақытқа қол сұғушылық әлі де жоғалмады.
Жақында «TikTok» әлеуметтік желісінде «дастинлукас» атты тренд пайда болды. Мұнда оқушылар ұстаздарының суретін бейәдеп сөздері бар аудиожазбалармен қосып, видео жариялайды. Тренд бастауын басқа мемлекеттерден алған. Ал қазірде ол Қызылорданың да оқушыларының арасында таралып жатыр. Мұндай видеолар миллиондаған қаралым жинамаса да, мектептің ортасында мұғалімнің абыройын төгеді. Бұл жерде тәрбиенің тал бесігі – отбасы рөлі ақсап тұр. Баланың мұғалімді келемеждеуіне жол беру – қоғамның рухани құлдырауының белгісі. Мұндай жағдайда тек заңмен ғана емес, мектеп ішілік тәртіппен және ата-ананың қатаң қадағалауымен күресу қажет. Басты мәселе мемлекетте емес, ата-ана мен баланың ұстаздыққа немқұрайлы қарауы. Бала үшін мектеп уақыты тез өтеді де кетеді. Ал ұстаз білім ордасында әрі қарай қызметін жалғастырады. Егер біз мұғалімді тек «барлық мәселеге жауапты маман» ретінде көрсек, болашақ ұрпақтың сапасы туралы айтудың өзі артық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың құқығын қорғау мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді.
– Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Біз ұстаздарды өз міндетінен тыс жұмыстардан босаттық, бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады, мұндай жағдайға жол берілмеу керек. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы қажет, – деген Мемлекет басшысының сөзі жергілікті билік үшін нұсқау болуы тиіс.
Ұстаз мәртебесін көтеру – тек жалақыны өсіру емес. Ол – мұғалімнің уақытын ұрламау, оның қадір-қасиетіне қол сұқпау және оған кәсіби маман ретінде сенім білдіру. Бірақ оған қарамастан заң еленбеген кездер болды. BAQ.KZ сайтынының ақпаратына сәйкес, 2025 жылы Қостанайда мұғалімдерді рейдке шығару жөнінде ұсыныс айтқаны туралы ақпарат тараған. «Әкім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұстаздарды рұқсат етілмеген су айдындарын күзетуге шығару жөнінде тапсырма берген» делінген ақпаратта. Оған қоса, естеріңізде болса, 2024 жылы 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіремін деп, биіктен құлаған мұғалім ауыр жарақат алған еді. Бұдан бөлек, мұғалімдерді Кәсіподақтар ұйымына күштеп кіргізуге қатысты сын да жиі айтылып жүрді. Еске алсақ, заң 2019 жылы күшіне енді.
Заң қабылданды, енді сол заңның үстемдігін қамтамасыз ету керек. Ұстазды артық есептен, жұмыстан тыс уақыттағы жауапкершіліктен және әлеуметтік желідегі балағаттан қорғау – мемлекеттің ғана емес, ата-ананың да міндеті. Егер бала тәрбиесі мұғалімнің ғана мойнына жүктелсе, ата-ана жауапкерлікті сезінбейді. Ұстаздық ұлы қызмет болуы үшін, оған лайықты жағдай мен шынайы құрмет керек. Тәртіп пен талап болмаған жерде, мәртебе де болмайды. Сондықтан ұстаздың қадірін әрекетпен дәлелдейік!
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!