фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін мамыр айы – мейірім мен жанашырлық иелерін ұлықтайтын ерекше мезет. 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күніне орай Н.Бекежанов атындағы Н.Бекежанов атындағы Академиялық музыкалық драма театры сахнасында «Мейіргер – мейірім шырағы» атты салтанатты мерекелік кеш өтті. 

Салтанатты шара тақырыптық бейнероликпен басталып, экраннан көрсетілген әр әсерлі кадр медицина қызметкерлерінің күнделікті жанкешті еңбегін көз алдыңа әкелді. 

Мерекелік жиында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Исақызы құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына алғыс білдірді. Ол өз сөзінде денсаулық сақтау жүйесіндегі мейіргерлердің рөлі артып келе жатқанын, олардың кәсіби жауапкершілігі мен еңбегі қандай құрметке де лайық екенін ерекше атап өтті.

Кеште ұлт саулығы жолындағы адал еңбегі үшін облыстың бірқатар мейіргерлері Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасарының алғыс хатымен марапатталды. Әртүрлі медициналық мекемелерде еңбек етіп жүрген мамандардың есімі аталып, сахна төрінде құрмет көрсетілді. Бұл сәт көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, естелік суреттермен жалғасты. 

Сонымен қатар «Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің «Мейіргер ісінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан тәжірибелі мамандарға табысталды. 

Салтанатты кеште «Өз кәсібінің үздігі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінде үздік деп танылған мамандар да арнайы марапатталды. «Үздік стационар мейіргері», «Үздік ауыл мейіргері», «Үздік акушер», «Үздік фельдшер» сынды аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталып, олардың кәсіби шеберлігі мен еңбегі көпшілік алдында лайықты бағасын алды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары өнер көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова әуелете ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге Ақтоты Болышова орындаған әсем әндер кештің шырайын аша түсті. 

Сахна сәнін кішкентай өнерпаздар да келтірді. М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебінің «Балбұлақ» бишілер ансамблі мың бұрала би билеп, көрермен қошеметіне бөленді. Ал кештің шарықтау шегінде Тұран тобы өнер көрсетіп, патриоттық әрі лирикалық әндерімен көпшіліктің ықыласына ие болды. 

«Ақ халатты мамандардың адал еңбегі мен мейірімі қоғам үшін қашанда қастерлі. Себебі адам жанына үміт сыйлайтын ең үлкен күш – мейірім. 

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!