Үштілділік дамуға бастар жол ма, әлде халқымызды төл тілі мен төл руханиятынан айыратын сор ма?! Бұл мәселе тұрғысында қоғам екі түрлі пікірді ұстанады, біреулер үштілділік еліміздің дамуына әсер етуші бірден-бір фактор деп шырылдаса, енді бірі бұл ұстаным ұлттық тіліміздің құрдымға кетуіне апарады деп күйінеді. Үш тілді қатар меңгеру әрбір азамат үшін маңызды деп тапқандықтан, басшылық тарап тілдерді меңгеруді мектеп жасынан бастауды жөн көрді. Жоғары сыныптарда орыс тілі мен ағылшын тілін оқыту енгізілген. Дегенмен, соңғы жылдары бастауыш сыныпқа, оның ішінде 1 сыныптарға үш тілді қатар үйрету үрдісі жолға қойылған болатын.
Мәселе осы шешімнен соң-ақ шиеленісе түсті. Мектеп табалдырығын жаңадан аттап, әріп атаулымен жаңа танысқан балақайдың үш тіл әліпбиін қатар меңгеруі қаншалықты кепілді? Миы сергек, ойы ұшқыр балалар әліпбиді тез жаттап, үш тілдің әріптерін зырылдата айтып шығуы әбден мүмкін. Дегенмен, әр тілдің өзіндік мәнін ұғынып, сөздік қорының қойнауына сүңги ала ма деген сауал ойды шырмайды. Мұнда ескеретін тағы бір жайт, бала қабілетінің алуандығы. Барша қазақстандық оқушылар данышпандық қасиетке ие емес, үлгерімі орташа және тіпті төмен оқушылардың да бар екені ақиқат. Олар үшін қазақ тілінің сан түрлі ережелері мен заңдылықтарын меңгеру қиындық туғызғанда, өзге екі тілдің мәселесі тіптен күрделі. Түрлі қарсылықтар орын алып, бұл бұрыс шешім делінгенмен өзіндік дәлелдемелері арқылы үш тілді қатар оқыту білім жүйесіне енгізілді.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың өзі мәлімдеген болатын:
«Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады» – деді министр.
Үш тілдің ортасында басы қатып, ойы шатасып жүрген 1-сынып оқушыларын кенеттен жақсы жаңалық қуантты. 1- сыныптың оқу бағдарламасынан орыс тілін алып тастау құпталды. Алдағы уақытта орыс тілі 2-сыныптан, ал ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылатыны хабарланды. Демек, 1-сынып оқушылары алдымен мемлекеттік тілімізді меңгеретін болады. Бұл шешімді қабылдау барысында біршама зерттеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың жас ерекшеліктері ескерілсе керек. Алдымен ана тілін ұғынған бала өз тілінің мәртебесі мен маңызын әрдайым есте ұстайтыны анық. Ана тіліміз – қазақ тіліне деген құрметтің кішкентай көрінісі осыдан басталады емес пе?!
Сағыныш ӘЛАЙДАРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!