Иә, адамзаттың баға жетпес  байлығы, асылы – басқа тіршілік иелерінде жоқ ақыл-ойы, сана-сезімі. Сол арқылы адам деген ардақты атты иеленіп келеміз. Ал,  ақыл-ой, сана-сезім деген гүл іспетті. Гүл әрқашан күтімді, бапты қажет ететіні секілді, уақыт өте келе білім арқылы санамызды толықтырып отыру қажет. Білім арқылы сана-сезімімізді жоғарылатып, өсеміз. Осы жолда адамзат баласын біліммен нәрлендіріп, болашағын айқындаушы, білім беруші Ұстаздардың есімі ерекше. Ш.Уәлиханов:  «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаматтық пен білім қажет» деп жазады. Аллаға шүкір, азаматтығымыз бар, егемен елміз. Ал, білім деген таусылмайтын кенді қаншалықты игеру үстіндеміз?

Мектеп қабырғасынан-ақ  42 әріпті үйретіп, көңілі далада болған балаларға тәрбие мен білімді қатар беріп келе жатқан мұғалімдер – ең ғажап жандар! Л.А.Сенека: «Басқаларды үйрете жүріп өзіміз үйренеміз» деп жазған. Ұстаздар да ізденуден талмайтын қанатты құстар сияқты.

Неге 1қыркүйек – Білім күні? Басқа күндердей емес, қыркүйектің, күздің алғашқы күні неге алынған деген сұрақтарға ойлана бастадым. Зерттеп қарасам, 325 жылы атақты Рим императоры Константин әлемді таң қалдырған алып шіркеу тұрғызып, бірінші қыркүйек күні жаңа жыл мерекесін тойлау туралы шешім шығарған екен. Ресейде және басқа да мемлекеттерде жаңа жыл наурыз-сәуір айларында тойлаған. Кейін 1492 жылы ІІІ.Иоаннаның бұйрығымен жаңа жылды тойлау дәстүрі бірінші қыркүйекке ауыстырылады. Бұл жылдары мектептер шіркеу қабырғаларында орналасқанынан хабардар боларсыз. Осы себепті оқу жылының басталуы Жаңа жылмен бірдей етіп белгіленеді. Иә, сұрағымның жауабын таптым. Бағзы замандарда бұл күні күздің ғана емес, күнтізбенің алғашқы парағы басталған. 1984 жылдан бастап, «Білім күні» күнтізбеде қызыл түспен белгіленетін болды.

Елімізде білім беру үрдісі жаңартылған мазмұнға ауысты.  Оқушы­лардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бес күндік оқу режимі қолданылуда. Шын мәнінде, бұл жаңашылдықтың пайдасы зор. Өйткені оқушының денсаулығын нығайту мен қосымша қабілеттерін шыңдауға  септігін тигізеді.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша өткізіліп жатқан барлық курстарда сыни тұрғыдан ойлауды дамытудың тәсілдері, сыни ойлауды оқу және жазу арқылы дамытудың стратегиялары, жобалау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Аталған бағдарлама бойынша жүргізілген курстарда тыңдаушылардың бойында тілдік дағдыларды қалыптастырудың, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру мен инновациялық технологияларды меңгеріп, оны тиімді қолдана білудің маңызы зор.

Сабақ барысында  тілдік дағдыларға (айтылым, жазылым, тыңда­лым, оқылым) баса назар аударудың да артықшылықтары өте көп. Атап айтсақ, оқушы мектеп қабырғасынан-ақ өз ойын жүйелі жеткізуге дағдыланып, критерийге сай мазмұнды эссе жазып үйренеді. Оқылым мен тыңдалым бала дамуының өзге қырларын ашып, шығармашылыққа бағыттаса, оқушының жан-жақты болып шығары сөзсіз. Сабақты өмірмен, қоғаммен байланыстыру арқылы оқушылар бойында терең түсінік қалыптасады. Бұл туралы  Нүрия Есқараева  есімді ата-ана былай дейді:

“Мен  жаңартылған білім беру бойынша білім берудің артықшылығы өте көп деп есептеймін. Балам бастауыш сыныпта  тұйық, мінезі де бірбеткей, көп ашылып сөйлемейтін еді. Қазір топпен, жұппен жұмысты күнделікті жүргізу нәтижесінде біршама ойын тиянақты жеткізуге дағдыланды.  Балама тыңдалым материалдары, өз ойын білдірген өте қатты ұнайды. Жаңартылған білім беру мазмұнына барлық сынып тегіс көшкен жағдайда  қоғамдық мәселелер туралы да өз ойын жеткізетін деңгейге жетеді деп ойлаймын.  Балаға берілетін басты білім өз өміріне көмектесуі керек деп есептеймін.”

Шал ақын: “Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайда жоқ халқыңа қызмет етпей” деп жазған.

   Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ, 

ҚМУ-дың IV курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!