Аймақта ілім мен білімді ұштастырып, шәкірт тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыс атқарып жүрген ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары – Гүлзира Оралова мен Аңғысын Сейтмұратов. Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында сала мамандары атқарылған шаралар туралы баяндады.

– Елдің өсіп жетілуі ғылымға, оқу-білімге тікелей байланысты. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылымға көп көңіл аударып, қомақты қаржы бөлінуде. Бүгінде Қорқыт ата университеті Оңтүстік Кореямен байланыс орнатып, физика-информатика бағытында жемісті жұмыс жүргізу үстінде.

Қызылорда қаласында физика мектебінің ашылып жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Өз кезегімізде біз де жас буынға білгенімізді үйретіп, ғылымға баулудамыз. Университеттің әлеуеті жақсы. Жастардың да білімге деген қызығушылығы көңіл қуантады, – деді Аңғысын Жасаралұлы.

– Бүгінгі мерейлі күні жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Біз қазақ әдебиеті, ұлт әдебиетінің құрамдас бөлігі болып саналатын Сыр әдебиетін дамыту бағытында жұмыс атқарып келеміз. Өңірімізге қатысты әдеби мұраларды зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Біздің мақсат – Сыр өңіріндегі киелі жерлерді анықтау, ұлттық құндылық тұрғысында бағалау. Ғылыми зерттеу нәтижелерін жинақтап, шетел басылымдарына ұсындық. Бүгінде жас зерттеушілердің де қатары көбеюде. Бұл, әрине, өз кезегінде атқарылған жұмыстың жемісі деп білеміз, – деді Гүлзира Сапарқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!